008

Бүйрек трансплантациясы: 3 мыңға жуық науқас кезекте түр

20141112_101611

Дінмұхамед Тәждинов

Бүйректің жұмысы бұзылғанда адамның ағзасында калийдің мөлшері жоғарылайды. Ол тек бүйрек арқылы шығады. Ал оның қанның құрамындағы мөлшері шектен тыс өсіп кетсе, жүрек кез-келген сәтте тоқтап қалуы мүмкін…

Бүйрек трансплантациясы бүгінгі таңда Қазақстанның екі қаласында – Астана және Алматыда жасалады. Соңғы жылдары бүйрек алмастыру отасын шетелдік мамандардың көмегімен шымкенттік дәрігерлер де жасап жүрген жайы бар. Ал Сызғанов атындағы ұлттың хирургия орталығында бүйрек трансплантациясы сонау 1978 жылдан бері жасалып келеді.

Орталықтағы бүйрек трансплантациясын жүргізетін хирург Дінмұхамед Тәждиновтің айтуынша осы 30 жылдан астам уақытта 700-ге жуық бүйрек алмастыру операциясы орындалыпты. Еліміздегі транплантациясының бұл түрі басым көпшілігінде туыстық бүйрек алмастыруға жатады.

– Науқастың бауырлары, әке-шешесі бір бүйрегін жақынына беру арқылы, оның өмір сүру сапасын жоғарылатады. Бұдан кейін науқас жасанды бүйрек аппаратының көмегіне жүгінбейтін болады. Біздің орталық миына қан құйылған немесе жол апатына ұшыраған азаматтарды донор ретінде қарастыратыны белгілі. Себебі бұлар – үшінші дәрежелі комаға ұшыраған, былайша айтқанда беті бері қарауы неғайбыл, тіршіліктен үміт үзген жандар. Мұндайда мәйіттік трансплантация жүргізіледі. Донор ретінде қарастырылатын адамдардың науқастарға сәйкестігін анықтап, көрсеткіші сай келген жағдайда жаңа бүйрекке мұхтаж науқасқа саламыз. Мұның барлығы донордың туған-туысқанының келісімімен ғана жүзеге асады, – дейді ол. 

Бүйрек алмастыру отасы туралы айтқанда біз нақты кейіпкерге тоқтала кеткенді жөн көрдік. Соның бірі – Ләйла Чечидзе. Оған орталық дәрігерлері биылғы жылдың 30 қазанда бүйрек трансплантациясын жасаған екен. Дәрігерлердің айтуынша, дәл қазір оның жағдайы жақсы. Жаңа бүйрек ағзамен толықтай әрекеттесіп, қалыпты жұмыс істеуге көшкен. 

– 2013 жылы қатты сырқаттанып, құлап түстім. Қан қысымым көтеріліп, денем ісініп кетті. Не істерімді білмедім. Бармаған жерім жоқ. Сөйтіп жүргенде диализге түсіп қалдым. Екі жыл бойы қанымды осы диализ арқылы тазартып жүрдім. Кейін Сызғанов атындағы орталықтың күту парағына бүйрек трансплантациясының кезегіне тұрдым. Анализ тапсырып 3-4 ай бойына кезек күттім. Құдай қолдап күндердің күнінде дәрігерлер көрсеткіші жағынан менің ағзама сай келетін донордың табылғанын айтты. Сөйтіп операцияға жаттым. Орталық дәрігерлеріне айтар алғысым шексіз. Өмірге қайта келгендей болдым. Дәл қазір жағдайым жақсы. Жаманшылықтың бәрі артта қалды деп ойлаймын. Дәрігерлер маған екінші рет өмір сыйлады. Бастысы, мұның бәрі тегін, мемлекет есебінен жүргізіледі. Әйтпесе мұндай отаны қалтам көтермес еді, – дейді Ләйланың өзі. 

20141112_101845

Науқастар жасанды бүйрек аппаратының көмегімен қанын тазартып, ондағы уытты заттарды шығарады.

Қазіргі таңда ел көлемінде бүйрек транплантациясын қажет ететін, яғни екі бүйрегі де өз қызметін тоқтатқан науқастардың саны – 3 мыңға жуық. Олардың барлығы жасанды бүйрек аппаратының көмегімен ем алуға мәжбүр.  Елімізде мұндай науқастарға көмек көрсететін бірнеше гемодиализдік орталықтар ашылған. Науқастар аптасына 3 күн 4 сағаттан жасанды бүйрек аппаратының көмегімен қанын тазартып, ондағы уытты заттарды шығарады. Сайып келгенде олар осы құрылғыға тәуелді. Себебі, бүйректің жұмысын дәл осы жасанды аппарат атқарып тұрады. Ал мұның бірден-шешімі бүйрек трансплантациясы. 

Думан БЫҚАЙ

Пікірлер

пікір