Бишімбаев ісінде есімі аталған кәсіпкер Баталов мәлімдеме жасады

Сағыныш Сардарова 23 сәу. 2024 16:35 2624

Атышулы Бишімбаев ісінде танымал кәсіпкер Райымбек Баталовтың да есімі аталды. Бұған дейінгі сот отырыстарының бірінде экс-министр Қуандық Бишімбаев "әйелін бұрын Райымбек есімді танымал кәсіпкермен жақын қарым-қатынаста болған" деп те айыптады. Райымбек Баталов өз есімін дүйім жұрттың алдында қаралаған Бишімбаевтың соттағы айғақтарынан кейін мәлімдеме жасауға бекінген, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Күні кешегі сот отырысында судья Айжан Құлбаева Бишімбаевтың ұялы телефонынан сұмдық кадрларды зерделеп шықты. Видеоларда Бишімбаев әйелін балағаттап, қайта-қайта "Райымбек Баталовпен төсектес болдың ба?" деп сұрақтың астына алғаны естіледі.

Ал Баталов сот отырысына қатысты соңына дейін үн қатқысы келмегенін айтты. Оның сөзінше, атына нұқсан келтіретін сұмдық ақпараттар мәлімдеме жасауға мәжбүр еткен.

"Ауыр қылмыс жасады деген айыпталушының маған қатысты айтқаны - бос сандырақ, өтірік. Сіздерді бұл өтірікке сенбеуге, БАҚ өкілдері мен блогерлерді жалған ақпарат таратпауға шақырамын. Осындай қайғыға тап болған Салтанаттың туыстары мен жақындары қызының абыройын қорғауға мәжбүр болғаны өте өкінішті. Бұл сұмдық. Нүкеновтар отбасына шын жүректен көңіл айтамын", - деді Баталов.

Бұған дейін кәсіпкер Райымбек Баталовтың әйелі Ленара Баталова да Бишімбаев ісіне қатысты пікір білдірген еді. 

"Мен болған жайтқа қатысты пікір білдірсем деп едім. Себебі менің инстаграмым "жарылайын" деп тұр. Кеше ел болып атышулы процеске куә болдық. Процесс 1 сәуірге сәйкес келіп қалды. Оның мазмұны да соған сай болған секілді. Біз атышулы істі емес, "Пусть говорят" шоуын көріп отырғандай болдық. Сотта менің отбасымның абыройына нұқсан келтірген негізсіз, ойға қонымсыз нәрселерге қатысты не дерімді білмеймін. Салтанаттың жақындарына сабыр мен күш-қуат тілеймін және әділдік орнайды деп сенемін. Біз сіздермен біргеміз", - дейді Ленара Баталова. 

Райымбек Баталов - құрамына Raimbek Agro, Raimbek Group Plus, City Fair Trade ltd, Raimbek Bottlers Group компаниялары кіретін Raimbek Group холдингінің иесі және директорлар кеңесінің төрағасы.

Қазіргі таңда "Атамекен" төралқасының төрағасы.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x