Элита өкілдерінің ішінде Бишімбаевтың "көшірмелері" көп - психолог

Сағыныш Сардарова 25 сәу. 2024 13:08 13034

Экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты іс елдегі тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін айқын көрсетіп берді. Отбасы мәселелері жөніндегі танымал психолог Ержан Мырзабаев элитаның ішінде мұндай жайттар бар екенін ашық айтты. Оның сөзінше, танымал адамдардың жұбайлары психолог көмегіне жиі жүгінеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бишімбаев кейсі ілуде бір болатын жағдай ма, әлде элитаның ішінде де мұндай жағдай жиі болып тұра ма, тек жасыра ма? Бұл сауалға жауап берген психолог отбасылық мәселемен жүгінетін элиталы клиенттері барын жасырмады.

"Элитаның өзінде мұндай жағдай өте көп болады. Элитаның ішінен клиенттерім бар, әйел кісілер. Отбасында күйеуімен болып жатқан жағдайды естіген кезде шашыңыз тік тұрады. "Күніге теледидардан көріп жүрмін ғой, мынау ма?" дейсіз. "Мынау ма, бәрі таниды ғой" дейсіз. Тек элита мұны жасырады.

Элитада байқағаным, әйелдердің көбіне күйеуінен материалды мүддесі бар. "Мен қазір ажырассам кім боламын? Мысалы, қарапайым Әйгерім болып қаламын. Ажыраспасам, статус бар, пәленшенің әйелі - Әйгерім. Сол үшін есік ашылады, мені бәрі сыйлайды, қызыл кілем жайылады. Осының барлығынан бір сәтте айрылып қаламын. Сол үшін шыдайын, көнейін, тәрбиелейін, өзгертуге тырысайын" (деп ойлайды - еск.) және осыны тырнақшаның ішінде әйелдік даналық ретінде жастарға үгіттейді.

Зорлық-зомбылықты насихаттап жатқан, тырнақшаның ішіндегі дана әйелдердің 80-90 пайызы зорлық-зомбылықтың құрбаны деп айтуға болады ", - деді психолог "Халық үніне" берген сұхбатында.

Сонымен қатар, психолог өз көмегіне жүгінетін адамдардың жұбайлары қандай қызметте отырғанын айтты.

"Ұлттық компанияда жоғары лауазымды, Сыртқы министрлігінің қызметкері, шетелде лауазымды қызмет етіп жатыр, министрлікте департамент басшысы, танымал кәсіпкер, танымал блогер және жұлдыздар, әнші, биші - бәрі танитын-білетін адамдар. Әзірше осындай деңгейдегі адамдармен жұмыс істеп жатырмыз. Әкім (әкімдердің де әйелдері келеді - еск.).

Мұндай ер азаматтар психологқа келе бермейді. Бұл жерде әйелмен жұмыс істеп, мәселені қалай шешу керек, бұл мәселеде өз тарапынан қандай техникалар қолдана алады, күйеуіне қалай әсер ете алады, болмаған жағдайда психолог ретінде "ажырассаңыз әлдеқайда дұрыс болады" деп кеңес береміз", - деді сарапшы.

Ержан Мырзабаев Бишімбаев сотына қатысты да пікір білдірді.

"Бишімбаевтың әрекеттерінен байқағаным, басындағы ұстаным мен қазіргі ұстаным арасында өзгеріс болып жатыр. Басында күліп жатқанын байқадым. Аудиторияға не бергісі келіп жатыр? "Қатты уайымдайтындай жағдай емес. Бір-бірімізді жақсы көретін, керемет жұп едік. Бізде ешқандай мәселе болған жоқ. Бір-ақ рет болды, өкінішке қарай, байқаусызда осындай нәтижеге ұласты" дегенді беруге тырысты. Одан кейін өзін өте "спокойно" ұстауы.

Қылмыстың детальдарын айтып жатқан кезде ол істемеген сияқты айтып жатыр. Біреу істеген, соны айтып беріп жатқан сияқты. Кинодан көргенін айтып беріп жатқан сияқты. Бетінде өкіну, қайғыру эмоциясы жоқ. Өлтіріп жатқан сәтті айтқан кезде бір тамшы жас жылаған жоқ. Бұл нені көрсетеді? Бұл емін-еркін түрде мұны істей алатын қауіпті адамды көрсетеді. Өзім солай тұжырымдаймын.

Кейбір жағдайларда айыптау тарапынан қойылған сұрақтар, куәгерлердің жауаптары өзіне қарсы болған кезде ашуланғанын байқаймыз. Бұл - абьюзердің ерекшелігі. Жағдай бақылаудан шыға бастаған кезде олар ашуланады", - деді Мырзабаев "Халық үніне" берген сұхбатында.

Айта кетейік, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша бірнеше сот отырысы өтті. Оны дүйім жұрт Жоғарғы соттың YouTube каналынан онлайн тамашалады.

Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен сотталып жатқан экс-министр Қуандық Бишімбаевты адвокат Лейла Рамазанова, Назкен Құсайынова, Ерлан Ғазымжановтар қорғап жатыр.

Ал марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді мен оның отбасының адвокаттары – Жанна Оразбахова мен Әлия Омарова.

27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.

Сонымен қатар, Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады. Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.

Бишімбаевқа екі бап бойынша айып тағылды:

  • аса қатыгездікпен кісі өлтіру (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру);
  • қинау (4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру).

Сондай-ақ, оның туысы Бақытжан Байжанов та күдікті ретінде қамауға алынды. Оған  қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған. Нақтырақ айтсақ, 432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу); 434-бабы (аса ауыр қылмысты хабарламау).


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар