«Мемлекеттік тілге айрықша мән беріледі» – Айбек Дәдебаев еліміздегі тілдік ахуал туралы

Сағыныш Сардарова 10 мам. 2024 21:00 3008

Президент Әкімшілігінің Басшысы Айбек Арқабайұлы Дәдебаев елімізде орын алған су тасқынын салдарын жою, шетелден қайтарылған активтер, тілдік ахуал, кадрлар дайындау сияқты қоғамдағы бірқатар маңызды мәселелерге қатысты сұхбат берді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Президент Әкімшілігінің Басшысы мемлекеттік тілге қатысты Президентіміздің ұстанымы белгілі деп айтты.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы – нағыз тіл жанашыры. Сондықтан Президентіміздің саясаты – мемлекеттік тілдің дамуына нақты іспен қолдау көрсету және бұл салада қандай да бір спекуляция мен арандатуға жол бермеу» – дейді ол.

А. Дәдебаев мемлекетіміздің негізгі заңы – Ата заңымызға сәйкес елімізде ешкімді сөйлейтін тіліне байланысты кемсітуге, қудалауға немесе қандай да бір қысым жасауға жол берілмейтінін еске салды.

«Қазір тіл мәселесін күрделендіріп, тіпті саяси ойынға айналдырғысы келетіндер де бар. Мәселен, елімізде тілге қатысты жұртты даурықтырып, ұлт болашағына қауіп төндіретін мәселе тудырып жүргендерді байқаймыз. Бұл – ұлттық қауіпсіздігімізге кері әсер ететін жайт. Қай тұрғыдан қарасақ та тілдік мәселе нәзік, аса жауапкершілікпен келуді талап етеді» – дейді Айбек Арқабайұлы.

Елімізде көптеген этнос өкілдері тұратынын ескере отырып, қазірдің өзінде ана тілімізде еркін сөйлейтіндер қатары көбейіп келеді екен. Әлеуметтанулық зерттеулерге сәйкес, қазір елдегі мемлекеттік тілді меңгерген азаматтар саны 81%-дан асқан.

«Жалпы, біздің елде мемлекеттік тілге, оның қолдану аясының кеңеюіне айрықша мән беріледі. Бұл – еліміз бүгінгі таңда жүргізіп отырған астары аса терең саясат. Нақты формуласы – көптілді қоғам, жалғыз мемлекеттік тілі бар ел! Яғни, оның маңызды компоненті – тілдік төзімділік, жаңаша айтсақ, тілдік толеранттық. «Жылы-жылы сөйлесең...» деген халық нақылы қашанда жадымызда болғаны жөн. Елдің баянды болашағы деген қастерлі істе қандай мәселе болсын сабырмен, ақылға салып шешетін біздің елдің азаматтары үшін бұл қолдан келетін шаруа. Біздің алдыңғы буынның да өсиет еткені осы» – дейді Президент Әкімшілігінің Басшысы А. Дәдебаев.

«Қоғамда тілге қатысты арандатулар болған жағдайда, еліміздің әр азаматына ескертіп айтатын жәйт, ол арандатуға қосылмаңыздар. Бірнеше тілді меңгеру, қазақ халқы әрдайым сауатты болсын деген ұстанымдамыз әрі тілді саяси сұраққа айналдыруға қарсы екенімізді ашып айтамын» – деп ел азаматтарына ескерту айтты.

Өйткені, Айбек Дәдебаевтың айтуынша, тіл тақырыбы көптеген мемлекеттер арасында қақтығыстарға себеп болып отырған басты факторлардың бірі. Сондықтан ол бейбіт болашақ үшін ненің дұрыс, ненің бұрыс екеніне нақты көз жеткізбей тұрып, түрлі арандатуға қосылмауды сұрады. Мұндай арандатушылар заң бойынша жауап беретін болады.

«Біле білсек, тілдік төзімділік – қала берді мемлекеттік, яғни елдік қауіпсіздігіміздің кепілі» – деп түйіндеді ол мемлекеттік тілге қатысты жауабын.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар