Тоқаев Назарбаевқа берген уәделерін жоюы керек - саясаткер Қосан

Сағыныш Сардарова 10 мам. 2024 11:46 590560

Саясаткер, журналист Әміржан Қосан Жаңа Қазақстанның орнауына қандай шарттар кедергі жасап отырғанын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, бұған үш мәселе әсер етіп отыр. Сондай-ақ, Әміржан Қосан Жаңа Қазақстан идеясы толыққанды жүзеге асып жатыр деп айта алмайтынын жеткізді.

"Оның үш себебі бар. Біріншіден, Назарбаевтың факторы бар. Қалайсыз, қаламайсыз ба, Қазақстанда өмір сүріп жатырмыз. 2019 жылы Назарбаев Тоқаевты таңдағанда өзара келісімшарттары болды. Біз оны жоққа шығара алмаймыз. Екінші фактор, ол - біздің кадрлар. Ескі кадрлармен жұмыс істеп жатырмыз. Жақында Сағынтаевты есеп-аудиторлық палатаның төрағасы қылды. Ал аудиторлық палата - Үкіметтің бюджетті қалай жұмсағанын тексеретін ұйым. Сонда қалай Сағынтаев өзінің жұмсаған ақшасына дұрыс па, бұрыс па деп баға бере алады?! Өйткені өзі премьер-министр болды ғой. Сондықтан палатаға тәуелсіз тұлғалар баруы керек. Кадрлық шешімдер Ескі Қазақстанды әлі ұстап тұрған сияқты.

Үшінші - биліктің, соның ішінде Президент Тоқаевтың саяси ерік пен жігеріне байланысты. Саяси ерік пен жігер деген - Ескі Қазақстанмен ат құйрығын кесісу. Бірінші себепте айтқан, Назарбаевпен болған уәделерді халыққа айту. ...Назарбаевқа, оның отбасына, бала-шағасына, немерелеріне, айналасына айтылған уәделерін жою керек сияқты. Соның уақыты келді. Әйтпесе ертең кеш болады", - деді ол "Сойқан сұхбатқа"

Сонымен қатар, саясаткер Назарбаевты "құбыжық құбылыс" деп атады.

"Нұрсұлтан Назарбаев деген жарлықпен, үкіммен жұмыстан шығып қалатын тұлға емес қой. Нұрсұлтан Назарбаев деген құбылыс, бұл - процесс. Оның 30 жылда қалыптастырған салт-дәстүрі бар. Құдалықтан бастап біте қайнасқан адами қарым-қатынастары бар. Сол құбыжық құбылыс әлі билеп отыр. Қалаймыз ба, қаламаймыз ба?! Сондықтан ескі кадрлардан арылу керек. ...Трагедиялық тұлға (Назарбаев - еск.). Өйткені оның қолында мүмкіндік болды. Бір күннің ішінде ол Мемлекет басшысы болып шыға келді. Мемлекеттің жер қойнауында Менделеевтің кестесі бар. Бай мемлекеттің басшысы болып шыға келді. Егер ол 30 жылдың ішінде демократиялық, әділетті саясат жүргізген кезде әлі де отырар ма еді?" - деді Әміржан Қосан.

Айта кетейік, бұған дейін Әміржан Қосан экс-министр Тұрғымбаевтың ісіне қатысты пікір білдірді.

"Бәрі де болуы мүмкін! Саяси астар да, кланаларық тартыс та, қызметінде жіберген кемшіліктері не жемқорлық әрекеттері себеп болуы мүмкін. Тіпті ол президентке не оның маңайын жақпай қалуы да мүмкін. Сол себепті ресми ақпаратты күтейік", - деген еді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар