Екі қазақстандық Чикагода ірі алаяқтық жасады деген күдікке ілінді

Көркем Алдабергенова 04 февр. 2026 09:15

АҚШ-тың Чикаго қаласында федералды прокурорлар Medicare және медициналық сақтандыру бағдарламаларына қатысты ауқымды алаяқтық схемаларын ұйымдастырды деген күдікпен бірнеше шетел азаматына айып тақты, деп хабарлайды Dalanews.kz cwbchicago.com басылымына сілтеме жасап. 

Тергеу дерегінше, бұл схемалар салдарынан мемлекеттік бағдарламалар мен жеке сақтандыру компаниялары 1 млрд доллардан астам қаржыдан қағылған. Алаяқтық медициналық жабдықтар мен диагностикалық тестілерге жалған өтінімдер беру арқылы жүзеге асқан, алайда бұл қызметтер пациенттерге іс жүзінде көрсетілмеген.

Федералды айыптау қорытындыларының бірінде Қазақстан азаматы Анур Абдрахманов Medicare бағдарламасы аясындағы алаяқтық операциялардан түскен қаражатты заңдастыру мақсатында сөз байласқаны үшін айыпталды.

Тергеу нұсқасына сәйкес, Абдрахманов Кентукки штатында тіркелген Priority One Medical Equipment компаниясын бақылауына алып, оны Medicare бағдарламасына жалған өтінімдер беру үшін пайдаланған. 2024 жылдың наурыз–тамыз айлары аралығында компания арқылы үздіксіз глюкоза мониторингі құрылғылары мен катетерлерге қатысты шамамен 666 млн доллар көлемінде өтінім жолданған. Алайда бұл медициналық бұйымдар пациенттерге жеткізілмеген.

Сот материалдарына сәйкес, Абдрахманов АҚШ-қа 2023 жылдың мамырында маусымдық жұмыс визасымен барып, оның мерзімі сол жылдың қыркүйегінде аяқталғанына қарамастан, елде қала берген. 2024 жылдың сәуірінде ол компанияның бұрынғы иесі бизнесін сатқаннан кейін Priority One-ның мүшесі әрі басқарушысы болған.

Тергеушілердің мәліметінше, 2024 жылдың мамыр–тамызы аралығында Medicare жүйесіне Priority One компаниясына қатысты 250-ге жуық шағым түскен. Көптеген азаматтар ешқандай тауар немесе қызмет алмағанын айтқан. Иллинойс штатындағы алты Medicare алушы өздеріне глюкоза мониторингі құрылғылары мен катетерлер берілді деген ақпаратты жоққа шығарып, тіпті диабетпен ауырмайтынын мәлімдеген.

2024 жылдың шілдесінде тергеушілер компанияның Кентуккидегі кеңсесін бақылау кезінде оның бос әрі жабық тұрғанын анықтаған. Кеңседегі жалдамалы қызметкерлердің айтуынша, олардың жалғыз міндеті – поштаны жинап, оны Telegram мессенджері арқылы бұрын-соңды жүзбе-жүз көрмеген басшысына жолдау болған.

Сот құжаттарында бір қызметкердің чектерді FedEx арқылы Чикаго маңындағы мекенжайларға жібергені көрсетілген. Сол қызметкердің бірі Priority One атына жазылған 1 млн долларлық чекті жоғалтып алып, кейін тапқаны үшін 2 мың доллар сыйақы алғанын айтқан.

Шағымға сәйкес, 2024 жылдың шілдесінде Medicare Priority One-ға төлемдерді тоқтатқанына қарамастан, қосымша сақтандыру ұсынатын Medigap компаниялары жалған өтінімдер бойынша кемінде 450 мың доллар төлеген. Қаржылық құжаттар Абдрахмановтың кейін 182 мың долларды Гонконгтағы шоттарға аударғанын, сондай-ақ 200 мың доллардан астам қаржыны басқа шетелдік есепшоттарға жіберуге талпынғанын көрсетеді.

2024 жылдың тамызында тергеушілер Абдрахмановты Priority One-ның банк шотына Medigap сақтандыру компанияларынан түскен шамамен 22,5 мың доллар көлеміндегі 30-ға жуық чекті салып жатқан жерінен ұстаған.

Бұл істе тағы бір Қазақстан азаматы – Таир Смағул да айыпталды. Чикаго маңында тұратын Смағул Medical Home Care Inc. компаниясына қатысты Medicare бағдарламасындағы ірі алаяқтықтан түскен қаражатты заңдастыру мақсатында сөз байласқан деп күдіктеліп отыр.

Федералды биліктің мәліметінше, 2023 жылдың желтоқсанынан 2024 жылдың қыркүйегіне дейін Смағул компанияны бақылап, ұлттық деңгейдегі алаяқтық схемаға қатысқан. Бұл схема аясында Medicare және Medigap сақтандыру компанияларына медициналық қажеттілігі жоқ немесе мүлде жеткізілмеген катетерлер мен өзге жабдықтар үшін шоттар ұсынылған.

Айыптау актісіне сәйкес, Medical Home Care 2023 жылдың мамыры мен 2024 жылдың маусымы аралығында катетерлерге қатысты 470 мыңға жуық өтінім беріп, олардың жалпы сомасы шамамен 953 млн долларды құраған. Осы кезеңде Medicare жүйесіне компанияға қатысты 27 377 шағым түскен.

Тергеу барысында Medicare алушы 19 адамнан жауап алынған, оның ішінде Иллинойс штатындағы бес тұрғын бар. Олардың барлығы өздеріне аталған медициналық бұйымдар жеткізілмегенін айтқан. Ал катетерлерді тағайындады деп көрсетілген үш медицина қызметкері мұндай тағайындаулар болмағанын және аталған азаматтардың өз пациенттері емес екенін мәлімдеген.

Қаржылық құжаттарға сәйкес, 2024 жылдың қаңтар–ақпан айларында, Смағул компанияны бақылап отырған кезеңде, Medigap сақтандыру компаниялары Medical Home Care-ге кемінде 854 080 доллар төлеген. Тергеушілер Смағулдың бұл қаражатты Иллинойс штатындағы банкоматтар арқылы бірнеше рет қолма-қол шешіп алып, кейін компанияның банк шоттарын жауып, алаяқтық жолмен алынған чекті жеке есепшотына аударғанын айтады.

Бұл істе Пәкістан азаматтары – Бурхан Мирза мен Кашиф Икбал да айыпталуда. Тергеу нұсқасына сәйкес, олар жалған өтінімдер арқылы Medicare және өзге де денсаулық сақтау бағдарламаларынан 10 млн доллар төлеуге мәжбүрлеген схема ұйымдастырған. Айыптау материалдарында Икбалға федералды тергеушілерге жалған мәлімет берген деген айып та тағылған.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove