171 бірлік техника және ондаған еріктілер: Алматы облысы Батыс Қазақстанға қалай көмектесті?

Жарбол Кентұлы 08 мам. 2024 13:12 2058

«Алматы-1» станциясы маңайындағы саябақта жан тебірентерлік кездесу болды. Заманымыздың қаһармандары – Батыс Қазақстан облысынан алапат су тасқынының зардаптарын жоюға атсалысқан жүргізушілер, еріктілер мен құтқарушыларды гүл шоқтары мен алғыс сөздерімен қарсы алды, – деп хабарлайды Dalanews.kz Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сәуір айының ортасында Алматы облысы еліміздің батысына самосвалдар, камаздар мен экскаваторларды қоса алғанда 171 бірлік техника, 50 құтқарушы мен әскери қызметші, сондай-ақ 15 еріктілермен әсерлі жасақ жіберген еді.

Кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарының басшыларынан бастап ТЖД қызметкерлері мен қарапайым тұрғындарға дейін барлығы үн қатып, көмек беруге жауап берген болатын. Делегацияны басқарған Алматы облысы әкімінің орынбасары Алмас Батанов осы маңызды миссияның барлық қатысушыларына үлкен ризашылығын білдірді.

– Бүгін біз сіздерді бейбіт уақыттың кейіпкерлері ретінде қарсы аламыз. Сіз өз отандастарыңызды қиыншылыққа тастамай, табиғи апатпен күресіп келдіңіздер, – деп атап өтті Алмас Батанов.

Қонаев қаласынан келген ерікті Рашид Мәметов Оралдағы жұмысы туралы өз ойын былайша жеткізді:

– Біздер бөгеттер салып, ауылдарды судан қорғадық. Ауылдарды су басып кетуі мүмкін деген қорқыныш болды, алайда үйлесімді жұмыстың арқасында ауылдарды су басудан қорғап қалдық, – деді. Талғар ауданындағы самосвал жүргізушісі Эльдар Исаев: «Біз бір күнде 15 рет рейс жасап, бөгет салуға құм тасып, 26 арнайы техниканы жұмылдырып, ұзындығы 8 шақырымға жуық бөгет жасадық ауылдарды су басудың алдын алдық», – дейді.

Батыс Қазақстанға көмек көрсету тарихы қазақстандықтардың бірлігі мен ынтымақтастығының жарқын мысалы бола алады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар