54 миллион теңгенің бәйгесі: Атырауда су тасқыны кезінде ат жарысқа конкурс жарияланған

Сағыныш Сардарова 16 сәу. 2024 17:43 3658

Әлеуметтік желіде Атырау облысының әкімдігі су тасқыны кезінде "Ұлы дала тұлпары" ат жарысын өткізуге конкурс жариялап, оған 54.5 миллион теңге бөлді деген ақпарат тарады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мемлекеттік сатып алу порталында тапсырыс беруші "Атырау облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы" мемлекеттік мекемесі екені көрсетілген.

Онда "Ұлы дала тұлпары" атты облысаралық бәйге төрт кезеңге жоспарланғаны жазылған. Сонымен қатар, жарыс өтетін орынға ұзындығы 10 метр, биіктігі 3 метр, қазақи нақыштармен, декорлармен безендірілген, екі жағында адамдар шығуға арналған баспалдағы бар сахна қою, турникеттер орнату, шабандоздар киімі, шараны өткізетін 8 төреші атарымен, оларды арнайы киіммен, рация, ысқырық, жалауымен қамтамасыз ету секілді жұмыстар қамтылған.

"Мал дәрігері маманы міндетті түрде болуын қамтамасыз ету. Келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін жергілікті полиция және жедел жәрдем қызметкерлерін қамтамасыз ету. 2 видео оператор, 1 фото оператор түсірілімімен қамтамасыз ету. Әуеден түсіретін 1 дрон оператор қамтамасыз ету. Сертификат 15 дана, кубок 15 дана, медаль 15 дана", - деп жазылған деректе.

Атырау облысы әкімдігі мәліметінше, бірінші сатып алу 20 наурызда жарияланған (Атырау облысындағы төтенше жағдай енгізілге дейін). Алайда қазіргі жағдайға байланысты ведомство сатып алудан бас тартқан.

"Лот Атырау облысында төтенше жағдай енгенге дейін жарияланды. Талқылау хаттамасына сәйкес конкурстық құжаттамаға өзгеріс енгізілді. №11975428-2 өзгертулер енгізілгеннен кейін өтінімдерді қабылдаудың басталуы 09.04.2024 жылға ауыстырылды. Сатып алуды ашу 30.04.2024 жылға жоспарланған болатын. Алайда Атырау облысында төтенше жағдай жариялануына байланысты тапсырыс беруші мемлекеттік сатып алу туралы қолданыстағы заңның негізінде сатып алудан бас тартады. Облыстың барлық мемлекеттік мекемелеріне осындай мемлекеттік сатып алуды тоқтата тұру туралы ескертілгенін қосымша хабарлаймыз", – деп жауап берді облыстық әкімдік өкілдері бұл жағдайға.

Айта кетейік, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов табиғи сипаттағы төтенше жағдай жариялау туралы шешімге 2024 жылғы 7 сәуірде қол қойды.  


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x