"Бәрінің алдын-алып отыратын...". Ескі Қазақстан экс-президенттің үгіт-насихатын күшейтуде

Көркем Алдабергенова 09 сәу. 2024 14:32 10767

Әлеуметтік желіде Ескі Қазақстанды жақтаушылар белсенді бола бастады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ескі Қазақстанды жақтаушылар әсіресе TikTok-та белсенді жұмыс жүргізе бастаған. Желіде тараған видеолардың мазмұны бір сарында – Назарбаев билікте отырған кезде халықтың жағдайы жақсы болыпты-мыс.

Парақшаларда Назарбаевтың халыққа жақсы көрініп қалған тұстарын, шенеуніктерді сөгіп жатқан сәттерін көрсетіп, адамдарға психологиялық тұрғыда әсер ететін видеоларды жариялай бастаған.

Сондай парақшалардың бірі – «Елбасы Назарбаев» деп аталған TikTok арна. Парақшада қазіргі уақытта 98 мыңға жуық оқырман бар. Видеолар миллиондап қаралым жинап үлгерген.

Парақшадағы видеолардың бірінде «халық Назарбаевқа шүкіршілік жасай алмағаны» айтылады.

«Қара сумен жүрген халықты балға жеткізіп еді! Барыңды бағалай алмадыңдар. Енді жарқырап өмір сүргендеріңді көрейік! Елбасым, сенің қадіріңді түсінбеген халықтан кеткенің де дұрыс болған-ау!», - дейді видео авторы.

Бұл видеоға жазылған пікірлер – «боттар армиясының» жұмысы тәрізді.

«Тек Қазақстанның емес, Әлемнің көшбасшысы»

«Атамыз қайтып келсе, ешкімнен қорықпай өмір сүреміз»

«Аман болсын, көреген еді, бәрінің алдын алып отыратын еді» - деген сыңайдағы пікірлер көптеп жазылған.

Сонымен қатар, видеода «Зор патша, сіз ұлыңызды патша етіңіз» деген пікірді байқап қалдық. Бұл Назарбаевтың ұлы Тауманның ел алдында көріне бастауымен байланысты болуы мүмкін.

Тағы бір видеода қазіргі су тасқынына қатысты жағдай көрсетіледі. Видео мазмұны бойынша, «Назарбаевтың кезінде мұндай жағдай болмаған».

Журналист Сырым Итқұловтың сөзінше, Арыстағы жарылыс, шахталардағы жарылыс, Қаңтар оқиғасы секілді алдымыздан шыққан проблемалар әлеуметтік экономикалық тұрғыдан да, идеологиялық тұрғыдан да құлдырау екенін көрсетіп отыр.

«Бұл сол жұмыстардың жемісі (нақты айтқанда жұмыс атқарылмауының) – бүгін аяқ асты сағына қалған, елді 25 жыл басқарған биліктің жұмысы. (...) Қазіргі проблемалардың контекстіне қарасақ, олардың себебі де белгілі: 30 жылда бірде-бір дамба салынбаған, ТКШ мен инфрақұрылымға инвестиция салынбаған», - дейді журналист телеграм арнасында.

Одан бөлек, «Елбасы кеткелі халықтың жағдайы нашарлап кеткен» деген мазмұндағы видео пайда болған. Мұнда да жазылған пікірлер боттардың жұмысына ұқсайды.

«Назарбаевты қайтарыңдар деп митингке шығамыз ба, не істейміз?»

«Алтынның қолда барда қадірі болмайды деген сөз осындайдан қалған-ау»

«Жақсы еді Елбасымыз, қоймадыңдар «кет кет» деп, енді қадірі білініп отыр», - деген пікірлер жазылған.

Сонымен қатар, парақшада Назарбаевтың кезіндегі әйелдер құқығы жайлы да айтылған. Парақша авторы экс-президент танымал қазақстандық әйелдермен кездескен суретін жариялап, Назарбаев әйелдердің құқығын таптаған еркектерге аяушылық танытпағанын жазған.

Бір апта бұрын жарияланған бұл жазба Қуандық Бишімбаевтың сот отырысымен тұспа-тұс келген.

Айта кетейік, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев 2019 жылғы 19 наурызда 2019 жылғы 20 наурыздан бастап президенттік өкілеттігін өз қалауымен өткізетін қаулы қабылдады. Халыққа үндеуінде Назарбаев:

«Мен Қазақстан Республикасының президенті ретінде өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Биыл еліміздің ең жоғарғы лауазымындағы қызметін атқарып келе жатқаныма отыз жыл толады. Мен Қазақстан Республикасының президенті ретінде өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым», – деген болатын.  


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x