Бас прокуратура экс-министр Тұрғымбаев ұсталғанын растады

Сағыныш Сардарова 30 сәу. 2024 09:38 8647

Бас прокуратура 2022 жылғы қаңтардағы оқиғаларға байланысты қылмыстық істерді әлі де тергеп жатыр, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

29 сәуірде ауыр зардаптарға әкеп соққан билік пен лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны үшін (Қылмыстық кодекстің 362-бабы 4-бөлігі) Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабы тәртібінде ішкі істер экс-министрі Ерлан Тұрғымбаев ұсталған.

"Қылмыстық істе мемлекеттік құпия мәліметтер болуына байланысты соталды тергеп-тексерудің басқа деректері жарияланбайды", - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін де бұқаралық ақпарат құралдарында бұрынғы ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың үстінен қылмыстық іс қозғалғаны туралы ақпарат тарады.

Деректерге сүйенсек, оған қатысты 361-баптың 1-бөлімі ("лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану") бойынша іс қозғалған, яғни Қаңтар оқиғасы кезінде қызметтік өкілетін асыра пайдаланды деп айыпталып отыр екен.

Сонымен қатар, деректерде тергеу нысанында бұрынғы ішкі істер министрінен бөлек Талдықорған полициясының бұрынғы бастығы Асқар Нұрсапа, Қарасай ауданының бұрынғы полиция бастығы Болат Тотыбаев және басқалары бар екені айтылды.

Ерлан Тұрғымбаев 2012 жылдан бері ішкі істер министрінің орынбасары, 2019 жылдан бері ішкі істер министрі қызметтерін атқарды.

Ал 2022 жылы оның қызметтен кеткені белгілі болды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар