"Басыңа келсін" деп қарғады" - Байжанов Бишімбаев қалай қорқытқаны туралы

Сағыныш Сардарова 11 сәу. 2024 16:43 5336

Экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысында оның інісі, сондай-ақ, екінші айыпталушы Бақытжан Байжанов жауап беріп жатыр, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, Бишімбаев сотқа әкеле жатқан кезде жауаптарына әсер еткісі келген.

"Бишімбаев "жедел жәрдемге бірге хабарластық деп айт" деді. "Айтпасаң, сенің басыңа келсін, сенің балаларыңның басына келсін деп қарғаймын" деді. Тергеу изоляторында анда-санда (Бишімбаевпен - еск.) кездесіп жүрдік. Сол кезде "нашатырь беріп жатқанда, сен қарап тұрдым деп айт" (деді - еск.). Бірақ мен сыртта қалдым", - деді Байжанов.

Бұған дейін Бақытжан Байжанов Бишімбаев тарапынан өзіне қысым жасалып жатқанын айтты. Сонымен қатар, бөлек отырғысы келетінін мәлімдеді.

"Бишімбаевтың Байжановқа сөйлеуге мүмкіндігі болмаса екен. Байжанов өзіне қысым көрсетіліп жатыр деп санайды. Олардың арасында қақтығыс болып жатыр. Тым құрығанда ертең (бөлек отырса - еск.)", - деді Байжановтың адвокаты.

Мұны Байжановтың өзі де растады.

"Ол маған жауап беру кезінде "былай айт, былай айт" деп қысым көрсетіп жатыр", - деді Байжанов.

Бақытжан Байжановқа Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айтып тағылып отыр: 432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу) және 434-бабы (аса ауыр қылмысты хабарламау). 

Бұған дейін қайғылы оқиға болған мейрамханада жұмыс істеген қызметкер Бишімбаевтың інісі видеоларды қалай өшірткенін айтқан болатын.

"9 қарашада таңғы сағат 10-да жұмысқа келдім. Кабинетке келіп, ноутбукты аштым. Менің жұмысым - жалға алушылармен кездесу. Әдеттегідей жұмысымды істеп жүрдім. 12.00-13.00 шамасында мейрамханаларды аралап шығамын. Сол күні 13.00-де мейрамхананы аралап шықтым, бірінші қабатта бәрі жұмыс істеп тұрды. Екінші қабаттағы BAU мейрамханасы жұмыс істемей тұрды. Әкімшіден неге ашылмағанын сұрадым. Әкімші оларда санитариялық күн екенін айтты. Мен "жақсы" деп өз жұмысыммен кете бердім", - дейді куәгер. 

Сол күні 14.00 шамасында әкімші келіп, Бақытжан Байжанов (Бишімбаевпен бірге сотта күдікті ретіндегі адам) хабарласып, бейнекамерадағы видеоларды өшіруді сұраған. 

"Бүкіл гастроорталықтағы видеоны өшіруді сұрады. Артынан Бақытжан Байжанов та келіп видеоларды өшіруімді сұрады. Не үшін өшіру керегін нақтыламадым", - дейді куәгер. 

Мейрамхананың бұрынғы қызметкері шамамен 15 минуттай сервер кабинетінде болып, видеоларды өшіріп, шығып кеткен. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар