Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсетілуде

Жарас Кемелжан 07 сәу. 2024 18:04 3810

Батыс Қазақстан облысындағы су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету мақсатында «БҚО Азаматтық Альянс» бастамасымен гуманитарлық көмек жинау штабы ашылды.

Бүгінгі таңда  ашылған  Гуманитарлық көмек жинау орталығы Орал қаласы  ақпараттық технологиялар колледжінде Каримуллин көшесі, 2/1А мекен жайы бойынша жұмыс істейді.

Қазіргі таңда гуманитарлық көмек төтенше жағдай жарияланған Орал қаласы, Сырым, Казталов, Қаратөбе, Теректі, Бөрлі аудандарына жеткізілді. Көмек көрсету штабы тарапынан облыс бойынша құрылған
27 эвакопункттердің қажеттелігі есептеледі. Зардап шеккен ұрғындарға не қажет екенін анықтау мақсатында  арнайы инстаграм парақшасы мен CALL-центр ашылды.

Қазіргі таңда ел халқы табиғи апаттан зардап шеккен отандастарына жан-жақты қолдау көрсетіп, ауызбіршілік танытуда. Тіпті бауырлас қырғыз елінің халқы да қиын кезде көмек қолын созуға әзір екенін көрсетті. Су тасқынына байланысты қиын жағдайға тап болған жерлестерімізге алғашқы гуманитарлық көмек көрсетуге бағытталған игі бастаманы өңірімізге белгілі кәсіпкерлер, ірі компаниялар, қала тұрғындары  қолдауда. Сонымен қатар, партия мүшелері, облыстық маслихат депутаттары,  этно-мәдени бірлестік, қоғамдық ұйымдар, жастар ресурстық орталықтарының  өкілдері атсалысуда.

Тілсіз жаудан жапа шеккендерге көмек көрсету ісіне өңіріміздердегі  «Sun City», «Petro-Unit» сияқты ірі компаниялар,  «Salut Orto KZ», «ИнвестПроджект» ЖШС-тері, «Орал сүт зауыты», «Сулейменова» ЖК, «SBS Grup», «Отдел строй» компаниясы, «ART STROY SERVİS 07», «Salut Orto KZ» ЖШСлар, «Элион» тіс емханасы, «ЖелаевНАН», «Faberlic» компаниясы мен жергілікті кәсіпкерлер де шет қалып жатқан жоқ.  

«Biz BIRGEMIZ» қайырымдылық қоры қайық,  матрас,  мотопомпа және азық-түлік көмегін жіберді. «ASAR UME» қайырымдылық қорының күшімен Қаратөбе, Бөрлі, Казталов, Сырым аудандарына моторлы қайық, резеңке етік, мотопомпа алынды. Сондай-ақ аудандардағы кәсіпкерлер, облыс волонтерлері, спортшылар, такси және газель жүргізушілері көмектесуде.

Қаратөбе ауданы кәсіпкерлері, Батыс Қазақстан облысының волонтерлері, спортшылары, мен газель жүргізушілері, облыстық «AMANAT» партиясын, Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері, «Қазақ аналары – Дәстүрге жол» ҚБ  филиалы, «Тарихи шежіре» республикалық ұйымы және т.б.   

Жалпы, су тасқыны басталған сәттен бастап зардап шеккен халыққа        256 тонна гуманитарлық  көмек көрсетілді, оның ішінде 230 тонна азық-түлік, 22 тонна азық-түлік емес тауарлар және 4 тонна дәрі-дәрмек.

Кешеден бастап  Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы жіберген        10 тонна гуманитарлық көмек «АirAstana» әуе компаниясының бортымен өңірге жеткізілуде.

 Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Маңғыстау облысынан және бауырлас қырғыз елі жиған көмек  жолда келе жатыр.

Төтенше жағдай  департаменті мен Қоғамдық даму басқармасы  халықты ресми ақпаратпен қамту мақсатында арнайы ақпараттық штаб құрды. Соңғы әрі шынайы ақпарат жарияланатын «BatysToday» телеграм арнасы ашылды.

Су тасқынынан зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсету және түрлі қорларға түскен қаржыны бөлу жөніндегі комиссия құрылды. Комиссия құрамына Қоғамдық кеңестердің өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, саяси партиялардың көшбасшылары, үкіметтік емес ұйымдардың, этномәдени орталықтардың, уәкілетті мемлекеттік органдардың және т.б. өкілдері  енгізілді.  Кеше комиссиянын бірінші отырысы өтті.

Қазіргі таңда су тасқынынан зардап шеккендерге 2 500-ден астам волонтер белсенді көмек көрсетуде.

 

А. Тапишев

Батыс Қазақстан облысының Азаматтық Альянсының президенті


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x