Байжанов "Бишімбаев ісіне" қатысты тың деректер айтуда

Сағыныш Сардарова 11 сәу. 2024 12:53 12355

Әйелін өлтірді деп айыпталып отырған Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысында Бишімбаевтың туысы Бақытжан Байжанов мән-жайды айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, Бишімбаев қарашаға дейін де үйіндегі видеоны өшіруді сұраған.

"Қарашаға дейін 2-3 ай бұрын Бишімбаев Тұран даңғылындағы тұрғын үй кешеніндегі бейнебақылау камераларынан видеоны өшіруді сұрады.

Бұл үйде ол Салтанатпен бірге тұрды. Олардың арасында ұрыс-керіс болған. Ол кезде де мұны көршілері көрмеуін, сондай-ақ, әлеуметтік желіге тарамауын қалады деп ойладым. Ол кезде басқарушы компанияның офисіне бардым, пәтер иелері кооперативінің төрағасы Гүлнұрға менің көзімше видеоны өшіріп тастады", - деді ол сот отырысында. 

Байжанов қазір ПИК өкілі видеоны өшіргенін мойындамай отырғанын жеткізді. Айыпталушының айтуынша, бұл оның қызметіне кедергі келтіруі мүмкін екен. Алайда Байжанов бұл видеоны қалпына келтіруге болатынын немесе видео өшірілгенін көруге болатынын мәлімдеді.

Айта кетейік, бұған дейін Қуандық Бишімбаевтың інісі Бақытжан Байжанов сот отырысында қайғылы оқиға болған күні Салтанат Нүкенованы бірнеше рет көргенін мәлімдеді. 

"Салтанаттың бір көзі ісіп тұрғанын көрдім. Вип-бөлменің ішінің астаң-кестеңі шығып жатты. Дәретхананың есігі қирағанын көрдім. Таңертең гастроорталыққа келген кезде Бишімбаев түні бойы шу шығарып, ішімдік ішіп, Салтанатты ұрып тастағанын біліп келдім. Бұл туралы гастроорталыққа келер алдында хабардар болдым. Бірақ ол кезде ештеңе түсінбедім. Салтанатқа қауіп төніп тұрғанын, өлім мен өмірдің ортасында тұрғанын білмедім. Бұл ақталу емес. Мен тек шын мәнінде не болып жатқанын көре алмадым. 

Бұл менің кінәм және мен оған қатты өкінемін. Егер назар аударып қарасам мүлде басқа жағдай болар еді. Енді амал не? Мен уақытында көмектесе алмасам да Салтанаттың жақындары мені кешіре алады деп сенемін", - дейді Байжанов.

Ол Салтанат мейрамханаға бұрын жиі келгенін айтады. 

"Өте мейірімді еді. Мейрамхана қызметкерлері Салтанат тарапынан ешқандай дөрекілік көрген емес. Оны кез келген қызметкер растай алады. ...Мен 33-темін, қарапайым отбасынан шыққанмын. Әйелім, үш балам бар. Менің кесірімнен олар да зардап шегіп отыр. Олардан да, ата-анамнан да кешірім сұраймын", - дейді Байжанов.

Айта кетейік, Байжанов гастроорталықта 2022 жылдан бері директор қызметін атқарған. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x