Боранбаевтың қымбат қонақүйі қайта сатуға шығарылды

Сағыныш Сардарова 15 сәу. 2024 10:13 433265

Кәсіпкер Қайрат Боранбаевтың иелігінен кеткен Астанадағы қымбат қонақүй қайта сатуға шығарылды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Астананың Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы Қайрат Боранбаев тергеумен ынтымақтастық аясында мемлекетке тапсырған Comfort Hotel Astana қонақүй кешенін қайта сатуға шығарды. 27 наурызға белгіленген алғашқы сауда-саттық қатысушылардан өтінім болмауына байланысты өтпеген.

"Сатып алу құқығымен нысанды сенімгерлік басқаруға беру бойынша тендер 25 сәуірге белгіленді. Бастапқы құны өзгеріссіз қалып отыр: 3 919 431 715 теңге. Кепілдік жарна 587,9 миллион теңге болады.

Тендердің шарттары бойынша жаңа иесі нысанды тек қонақүй бизнесін жүргізу үшін пайдалана алады. Сатып алушының мерзімі өткен кредиторлық берешегі болмауы керек. Сондай-ақ, оның Қазақстанда қонақүйлерді басқаруда кемінде жеті жыл тәжірибесі болуға тиіс", - деп жазылған informburo.kz мәліметінде.

Бұған дейін де Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы Comfort Hotel-ді 3,9 миллиард теңгеге сатып алу құқығымен бес жылға сенімгерлік басқаруға беруді жоспарлап отырғаны туралы ақпарат тарады.

Сол кезде сатылым 27 наурызда жүзеге асырылады және қонақүй жалғыз адамға берілуі мүмкін екені айтылды. Жаңа басшы бизнестің мақсатын сақтауға міндетті.

"Қаржылық есеп бойынша былтыр қонақүйдің таза табысы 65,6 миллион теңге болған", - деп жазылған еді мәліметте.

Айта кетейік, бұған дейін тергеумен ерікті ынтымақтастық аясында ҚМА Қайрат Боранбаевтың мүлкін мемлекетке қайтару шараларын қабылдады.

Қайрат Боранбаевтың компаниялары Мемлекеттік мүлік комитетіне жалпы құны 1,4 миллиард теңгеден асатын Comfort Hotel Astana қонақүй кешенін мемлекет меншігіне өз еркімен беру үшін тиісті өтінімдер берді.

"Аумағы 5 мың шаршы метрден асатын бұл қонақүй кешенінің жылдық айналымы 900 миллион теңгеге жуық", - деп жазылған еді ҚМА мәліметінде.

Алғашында қолданыстағы заңнамаға сәйкес бұл нысанды демалыс, сауықтыру және білім беру орталықтарын ұйымдастыру, әлеуметтік мақсатта пайдалану жоспарланған еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x