"Бұл – карма...". Украин журналисі Қазақстандағы су тасқынына жанашырлық танытпайтынын айтты

Қаракөз Амантай 19 сәу. 2024 15:06 113409

Соңғы уақытта украиналықтар тарапынан Қазақстанға деген реніш пайда болған. Мәселен, белгілі украиналық журналист Дмитро Карпенко елдегі су тасқынын сынап, орын алған төтенше жағдайға байланысты қазақстандықтарға жанашырлық танытпайтынын ашып айтқан. Ал оның бұл видеосы әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырды, деп хабарлайды Dalanews.kz.  

Украинаның танымал медиа маманы Дмитро Карпенконың айтуынша, қазақтар Ресейге санкцияларды айналып өтуге көмек қолын созуда.

"Қазақтарда тасқын болып жатыр ма? Енді не істейін? Өздеріне сол керек!  Путинге көмектесуді жалғастыра беріңіздер, мүмкін бізде тағы бірдеңе болып қалар. Түсінемін, қазір "Біздің жанымыз ашиды...» деген көптеген пікір айтылады. Ал менің Қазақстанға жаным ашымайды! Екі жыл ішінде Қазақстаннан еш жақсылық көрмедік", - деді ол.

Сондай-ақ ол қазақстандықтардың Украинаға бар болғаны 80 тонна гуманитарлық көмек жөнелткенін мәлімдеді.

Ал журналистің сөзін қостаған украиналықтар: "Бұл - карма", "Соған әбден лайықсыздар", "Тағы да жаңбыр жаусын, себебі бұл әлі де аздық етеді" деген теріс ниеттегі пікірлерін жаудырған.

Өз кезегінде қазақстандықтар: "Қазақстандағы су тасқынына украиналықтар неліктен қуанып жүр? Біз оларды соғыста қолдап жатырмыз, ал олар бізді мазақ етуде!" деп пікір қалдырған.

Осы тұста myslivslyx5 лақап атымен белгілі қазақстандық блогер украиналық журнилистің сөзіне қарсы шығып, оған жағдайдың мән-жайын түсіндіріп берді.

"Сіздің ашулануыңыздың сырын түсінемін, Дмитрий. Бірақ Қазақстан билігін қарапайым азаматтармен шатастырмай-ақ қояйық. Барлық гуманитарлық көмекті Украинаны қолдайтын қарапайым халық жіберген. Біз Украинаны қолдаймыз. Бір-бірін қолдайтын екі халықтың арасына осы сөздеріңмен алауыздық тудырып жатырсың", - дейді ол.

Сонымен қатар блогер қазіргі таңда украиналықтар дұрыс емес ойды желеу етіп жүргенін алға тартты.

"Украина тұрғындары "Сіздер санкцияны айналып өтуге көмектесіп жатырсыздар" деп түрлі пікір жаза бастады. Біз санкцияларды айналып өтуге көмектеспейміз! Бұл – бірінші мәселе. Екіншіден, сіздердің жұлдыздарыңыз да Еуропаға қайырымдылық концерттерімен барып, сосын бұл ақшаны ЗМУ-ға көмек ретінде аудармайтынын естіп жатырмыз. Келіспеушілік тудырмайық. Мен Украинаны өз басым қолдадым және әлі де қолдаймын. Ал жұртшылық үлкен аудиториямен сөйлесер алдында әр сөзін ой елегінен өткізіп, дұрыс ақпарат беруі қажет", - деп өз пікірін білдірді myslivslyx5.

Еске сала кетейік, елде бірнеше күннен бері су тасып, ондаған ауданда төтенше жағдай жарияланды. Су тасқыны ең үлкен қауіп туғызып отырған өңірлер қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары бар. Ресейдің Ор қаласында дамбының жарылуы қосымша қиындық туғызған. Құлсары қаласында ең күрделі жағдай тіркеліп, адам шығыны тіркелді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x