"Бишімбаев ісі" қазақстандық адвокаттар арасында араздық туғызуда

Қаракөз Амантай 19 сәу. 2024 14:05 113726

Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Бикебаев әріптестеріне үндеу жолдап, адвокаттар алқалары басшыларының қатысуымен арнайы кеңейтілген отырыс өкізілетінін мәлім етті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жиында "Бишімбаев ісіне" бас сұққан адвокаттарды жария талқылауды тоқтату туралы мәселе қозғалмақ. Оның айтуынша, соңғы оқиға адвокаттардың кәсіби әдебіне нұқсан келтіруде.

"Адвокаттарды Бишімбаев ісіне қатысатын әріптестерін жария талқылауды тоқтатуға шақырамын. Бұл әрекеттер кәсіби әдеп кодексін бұзуға әкелуі мүмкін. Әр нәрсенің шегі болуы керек. Әрбір адвокат адвокатураның беделін ойлауы тиіс", - деді ол.

Осы тұста ол алдағы уақытта адвокаттар арасында республика деңгейінде кеңейтілген отырыс өткізілетінін атап өтті.

"Республикалық адвокаттар алқасының төралқасы алдағы күндері осы іске байланысты барлық мәселе бойынша аумақтық адвокаттар алқалары басшыларының қатысуымен арнайы кеңейтілген отырыс өткізеді", - деп сөзін қорытындылады ол.

Адвокаттың жариялаған жазбасы көпшілік тарапынан кеңінен қолдау тапты. Әлеуметтік желі қолданушылары мұның дұрыс шешім болатынын жарыса жазуда. "Тағылған кінәнің, жасалған қылмыстың ауырлығына қарамастан әркімнің қорғану құқығы, кінәсіздік презумпциясының сақталуын талап ету құқығы барын заңгерлер естен шығармауы керек", "Дұрыс айтасыз, Айдын Жолшыұлы! Мен сізбен толық келісемін, қолдаймын! Сот процессінде айдан ашық бір жақты өтіп жатқанын көруге болады! Әрине, мен өз басым сотталушы Бишімбаевты ақтап отырғаным жоқ, бірақ бұл жерде адвокаттардың құқығы бұзылып отырғаны белгілі!", "Кей қазақтілді адвокаттарыңыз үнемі хайп қуып, өсек жазадығой фейсбукте, адвокаттық этикадан жұрдай не үшін сондайлар бақылауға алынып, лицензиясынан айырмайсыздар? Талайдың жеке өмірін жазып тас талқан етті", "Өте дұрыс шешім! Ұят, күлкі болдық жер жүзіне!100 % қолдаймын!", - дейді олар.

Айта кетейік, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотында Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша сот отырысы әлі де жалғасып жатыр. Оны дүйім жұрт Жоғарғы соттың YouTube каналынан онлайн тамашалауда.

Азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен сотталып жатқан экс-министр Қуандық Бишімбаевты адвокат Лейла Рамазанова, Назкен Құсайынова, Ерлан Ғазымжановтар қорғап жатыр.

Ал марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді мен оның отбасының адвокаттары –  Жанна Оразбахова мен Алия Омарова.

Еске салайық, 27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.

Сонымен қатар, Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады. Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.

Бишімбаевқа екі бап бойынша айып тағылды: аса қатыгездікпен кісі өлтіру (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру); қинау (4 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе осы мерзімге бас бостандығынан айыру).

Сондай-ақ оның туысы Бақытжан Байжанов та күдікті ретінде қамауға алынды. Оған  қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылған. Нақтырақ айтсақ, 432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу); 434-бабы (аса ауыр қылмысты хабарламау).


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x