Экс-президенттің қарындасы Әнипа Назарбаева "Кенжеханды" әдейі банкрот жасады - кәсіпкер

Көркем Алдабергенова 24 сәу. 2024 16:12 2279

"Кенжехан" базарының негізін қалаушы Қуаныш Жаңбырбаев экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қарындасы Әнипа Назарбаева базарды әдейі банкрот жасады деп айыптады, - деп хабарлайды Dalanews.kz Orda.kz-ке сілтеп.

"Ескі Қазақстанның құрбандары" қозғалысының баспасөз конференциясында Қуаныш Жаңбырбаев базар салу туралы шешімді 1997 жылы қабылдағанын айтады. Бұған дейін 1950 жылдан бері базардың орнында қоқыс жатқан. Кейін ол жер тазаланып, сауда орталығы ашылып, компания "Сұлтан Қорған" ЖШС ретінде тіркелген.

Бірақ ықпалды адамдардың қолдауынсыз және құқық қорғау органдарының мақұлдауынсыз бұл жобаны қолға алу мүмкін болмаған. Осылайша базар құрылтайшыларының құрамында Әнипа Назарбаева пайда болған. Базардың 30 пайыз үлесі Назарбаеваға тиесілі болған. Бастапқыда ешқандай жанжалсыз жұмыс істеп жүрген құрылтайшылардың арасында бірнеше жылдан соң проблемалар туындай бастаған.

Компанияның басқа мүшелерінің сөзінше, 2002 жылы Әнипа Назарбаева компанияны әдейі банкроттыққа ұшыратқан. Оның бұрынғы серіктестерінің айтуынша, ол нарықты өз қолына алып, оны алдын ала тіркелген "Кенжехан" ЖШС-не қайта ресімдеп алған.

Банкроттық кезінде "Сұлтан Қорған" ЖШС құны 41 мың теңгеге бағаланған, ал экономикалық сараптама бойынша құрылтайшылар базарды салуға 44,9 миллион теңге жұмсаған.

"Ернат Сыбанқұлов (сол кездегі Медеу ауданы прокурорының көмекшісі) келіп, жалған келісім жасап, компанияның 50 пайызын Әнипа Назарбаеваға, қалған 50 пайызын өзіме қалдыруды ұсынды. Мен бас тарттым. Сөйтіп ол (Назарбаева) жаңа "Кенжехан" ЖШС құрып, "Сұлтан Қорғанды" банкрот жасап, компанияның жалғыз құрылтайшысы болып қалды. Біз арыз жаздық, қылмыстық іс қозғалды", - дейді Жаңбырбаев.

Қазіргі таңда Қуаныш Жаңбырбаев сол кездегі жағдайға қатысты тергеу әділ өткенін қалап отыр. Бірақ, базардың негізін қалаушы азаматтың сөзінше, тергеу әлі жүрмей жатыр - себебі іске Ернат Сыбанқұловтың қатысы бар. Ол прокурордың көмекшісі қызметінен кейін еліміздің Бас көлік прокуроры қызметіне дейін жеткен. Сыбанқұлов 2022 жылы Қаңтар оқиғасынан кейін қызметінен кеткенімен Бас прокуратурадағы ықпалы әлі де жоғары көрінеді.

Қазіргі таңда базар басшылығы ауысып кеткен. 2022 жылдың наурызында Әнипа Назарбаева "Кенжехан" базарын сатып алу-сату шартын үш жылға бөліп-бөліп төлеумен 640 млн теңгеге келісім жасасты. Осылацша "Кенжеханның" 99 пайызы "Митра консалтинг" ЖШС қолына өтеді. Бұл компанияның бенефициары Назарбаевтар әулетімен байланысы бар Сергей Ким.

2023 жылдың сәуір айында сотқа дейінгі тергеу органы Жаңбырбаевтың өтініші бойынша қылмыстық істі тоқтатқан. Қараша айында базардың негізін қалаушы бұл шешімге шағымданды, бірақ сегіз күннен кейін Алатау ауданының прокуратурасы оған шағымды қанағаттандырудан бас тартқан. Қазір қоғамдық белсенділер сотқа дейінгі тергеуді тоқтату туралы шешімнің күшін жоюға және "Кенжеханның" ісін мұқият қарауға шақырады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар