Жетісудағы тарихи-мәдени ескерткіштер маңайы тазаланып, абаттандырылады

Жарбол Кентұлы 15 сәу. 2024 16:52 895

Жетісу облысында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының «Киелі мекен» апталығы аясында 40-қа жуық тазалық шарасы өткізіледі. Мәселен, Кербұлақ ауданындағы Ш. Уәлиханов атындағы «Алтынемел» мемориалды музейінде жастар ұйымдарының қатысуымен музей аумағы абаттандырылады, – деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Шара соңында жастарға тарихи мұраларды таныстыру мақсатында экскурсия өткізіледі. Облыстық қоғамдық даму басқармасының мәліметіне қарағанда, апталық барысында Ілияс Жансүгіровтің 130 жылдығы, Мұхамеджан Тынышпаевтың 145 жылдығы, Әбілхан Қастеевтің 120 жылдығына орай тұлғалардың аудан-қалалардағы ескерткіштеріне тазалық шаралары жүргізіледі. Атап өтсек, Жетісу облысында жалпы саны 13 музей, 1100 ескерткіш бар, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Ертең, 16 сәуір күні облыс аумағында 38 тазалық шарасы өткізіліп, оған 10 мыңға жуық адам қатысады деп жоспарланып отыр. Соның ішінде Талдықорған қаласындағы Орталық, Жеңіс және Ардагерлер саябақтарында өтетін тазалық жұмыстарына Чернобыль апатының салдарын жоюға және Ауған соғысына қатысушылар мен еңбек ардагерлері мұрындық болмақ. Бұл ретте осындай тазалық шаралары барлық аудан-қалаларда атқарылады.

Сол сияқты Талдықорған қаласы әкімідігінің қолдауымен қоғамдық ұйымдар, атап айтқанда «Алтын адам креатив орталығы» қоғамдық бірлестігі, «Kaz Eco Patrol» ҚБ облыстық филиалы, «Bike Team» велосипедшілер қауымдастығы, Жетісу облыстық мүгедектер қоғамы, «Жастар рухы» жастар ұйымы «Талдықорған – Петроглифтер елінің астанасы» экофестивалін ұйымдастырады. Соның аясында «Қызыл тас» саяжайының маңында «Jasyl Bolashaq» экоакциясын, «Бұл – біздің қоқыс емес, бірақ бұл – біздің Жеріміз» экологиялық сенбілігін өткізіп, бұлақтардың көзін ашып, ағаш отырғызады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x