Мәскеудегі лаңкестік әрекет: Тәжік мигранттары елден жаппай кетіп жатыр

Қаракөз Амантай 11 сәу. 2024 17:51 2711

Бүгінде террорлық ұйымдардың астыртын іс-әрекеті жекелеген мемлекеттермен қатар әлемдік қоғамдастықты да қатты алаңдатып отыр. Жақында Крокус Сити Холлда болған лаңкестік шабуылды ескерсек, үлкен дүмпу Ресей мен Орта Азия мемлекеттерінің бір-біріне деген сеніміне селкеу түсіргенін байқауға болады. Мәселен, аталмыш оқиға салдарынан миллиондаған тәжік мигранты елден жаппай кетіп жатыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Жан басына шаққандағы ЖІӨ бойынша Тәжікстан аймақтағы ең кедей ел болып есептеледі. Біріккен Ұлттар Ұйымының бағалауы бойынша, мұнда шамамен 30% адамның  толық әрі дұрыс тамақтануға мүмкіндігі жоқ. Бірақ бұл жағдай тәжіктерді ғана емес, біздің де кей өңірдің тұрғындарын алаңдатып отыр. Терактіден кейінгі күні Шереметьевоға қонған Қырғызстан азаматтары әуежайда бір тәуліктен аса шыға алмаған. Бұған жауап ретінде Қырғызстанның Сыртқы істер министрлігі отандастарына Ресей еліне бармауға кеңес берген еді. Ал Ресейдегі тәжік диаспорасы тұрғындарын бұрынғыдан да абай болуға шақырды.

Сонымен қатар ресейліктер тәжіктердің қызметінен бас тартып қана қоймай, оларды ұрып-соғу жағдайлары да белең алған. Ресейлік Mediazona басылымының хабарлауынша, лаңкестік әрекеттен кейін екі күн ішінде құқық қорғаушыларға Орта Азиядан келген мигранттардан 2500-ден астам шағым түскен. Негізгі шағымдар: полицияның негізсіз тексерулері, заңсыз қамау, азаптау және депортациялау.

Бүгінде Тәжікстанның ресми билігі алаңдауға негіз жоқ деп сендірсе де, сатылған билеттер санына қарағанда, Ресей тәжіктер үшін үрейлі мемлекетке айналғанын аңғаруға болады. Мұнда нәпақасын табуға баратын адамдар саны айтарлықтай азайған.

Бұл - Орта Азия елдерінің Ресейге тәуелділігінің бір салдары ғана. Кремль бұған дейін де он мыңдаған тәжікстандықты өз отандарына қайтара алатынын, десе де олардың туған жерінде жұмыс табу мүмкіндігі аз екенін түсіндірген болатын. Енді бұл сценарий қорқынышты жағдайға айналуы мүмкін.

Егер Ресейде Орта Азия мемлекеттерінен келген адамдарға қарсы қуғын-сүргін жалғасын табатын болса, бұл өз кезегінде аймақтағы радикализмнің күшеюіне әкеледі.

Сонымен қатар өте маңызды өзгерістер тізбегін бастауы мүмкін. Ауғанстан саясатын зерттеу орталығының жетекшісі Андрей Серенко Exclusive порталына берген сұқбатында бүкіл Еуразия лаңкестік әрекеттің өршу алдында тұрғанын жеткізді.

Осыны ескерсек, Кремльге одақтас болып отырған Орта Азия халқымен жанжалдасуға болмайды. Дегенмен өткенге көз жүгіртсек, мәселе тереңде жатыр. Өздерін дамыған өркениеттің жаршысы деп санайтын ресейліктер "білімі нашар әрі жабайы азиялықтарға" бұрыннан тәкаппарланып қарайтын. Осы тұста 2023 жылы Ресейде мигранттарға жасалатын көше шабуылдары айтарлықтай көбейгені хабарланған. Мысалы, 2022 жылы құқық қорғаушылар осындай 30 қылмысты тіркесе, 2023 жылы – 122, ал 2024 жылдың үш айына жетпей 46 қылмыс тіркелгенін растады.

Айта кетейік, Новгород облысының билігі жаңа мигранттарға патент беруді доғарып, бұрын патент алғандарға таксилетіп табыс табуына, автобус жүргізуіне, сауда жасауына, алкоголь және темекі өнімдерін сатуына тыйым салған болатын. Тиісті жарлыққа аймақ губернаторы Андрей Никитин қол қойды. Осылайша, еңбек мигранттары үшін негізгі табыс көзі саналатын кәсіптерге жол жабылды.

Жарлыққа сәйкес, жұмыс берушілер жұмысшыларының аталған санаттарын биылғы 26 маусымға дейін жұмысынан босатуға міндеттелді. Бұл тыйымның күші Ресейде тұрақты тұруға рұқсаты барларға, Еуразиялық одаққа кіретін Қазақстан, Қырғызстан азаматтарына ғана таралмайды. Шетел азаматтарына тек қара жұмыс қалады.

Ресейдің субъектілері – республикалар, өлкелер, облыстар мұндай шешімдерді Ресей Ішкі істер министрлігінің ұсынымдарына сәйкес қабылдауда. Ресми түсініктеме бойынша бұл шаралар еңбек нарығын реттеу, миграциялық ахуалды тұрақтандыру, экстремистік және террористік қылмыстардың алдын алу үшін қабылданып отыр.

Осының алдында мигранттарға қатысты тыйымдар мен шектеулерді қазақстандықтар көп қатынайтын Челябі, Новосібір, Түмен, сонымен қатар арыдағы Магадан, Калининград, Тула, Калуга облыстары, Ханты-Манси автономды округіндегі Югра мен Якутия енгізді.

Бүгінде Ресей Мемдумасы Қазақстан мен Орта Азиядан келетін еңбек мигранттарына білім беру, медицина, фармацевтика, такси қызметі сияқты салаларда еңбек етуге толығымен тыйым салатын заң жобасын қарап жатыр. Ол қызметтерді атқаруы үшін келімсектерге Ресей азаматтығын алуға тура келеді.

Сонымен қатар бұған дейін ҰҚШҰ бас хатшысы Иманғали Тасмағамбетов әлемді дүрліктірген Крокус Сити Холлда болған лаңкестік шабуылдың ұйымға мүше елдерге әсері туралы айтқан болатын.

Шенеунік БАҚ өкілдеріне берген сұқбатында терроризм жаңа сипатқа ие болып, ұлтаралық және дінаралық алауыздықтың күшеюіне әкеп соқтыратын гибридті қару ретінде қолданылып жатқанын атап өткен. Осы тұста ол ҰҚШҰ-ға мүше елдердің саяси әрекетіне бағасын берді.

"Барлық мемлекет лаңкестік әрекетті айыптап, болған жағдайға қайғыра көңіл айтты. Қылмыскерлерді ұстау операциясына Беларусь мемлекеті атсалысты. Ұйымға мүше елдер атышулы қылмысқа қатысты оқиғаларды бұқаралық ақпарат құралдарында белсенді түрде жариялады. Өйткені трансұлттық терроризм - ұйымға мүше елдердің ортақ мәселесі. Одақтас елдер Еуразияда болып жатқан соңғы геосаяси өзгерістер олардың әрқайсысы үшін қауіпті екенін жақсы түсінді ", - деді Тасмағамбетов “Interfax” агенттігіне берген сұқбатында.

Айтуынша, теракт ұйымдастырушылары этносаралық алауыздықты қоздыру арқылы Ресей мен Орта Азия елдерінің ынтымақтастығына барынша залал келтіруді көздеген.

"Бейбіт тұрғындарға жасалған шабуылға баға беру жан-жақты өрбуі мүмкін. Олардың көпшілігін қабылдау ауыр. Лаңкестердің басты мақсаты ұлттық үкімет пен қоғамдық қауіпсіздіктің үрейін ұшыру емес еді. Қылмыскерлердің негізгі мақсаты Ресей мен Орта Азия елдерінің арасына іріткі салу болды", - дейді ол.

Тасмағамбетов аталмыш жағдайда салқынқандылықпен әрекет етуге шақырды. Ресейдің көші-қон саясатына қандай да бір кедергі жасалса, бұл еңбек мигранттарының елден кетуіне әсер етуі әбден мүмкін екенін айтқан болатын.

"Эмоционалды әрекеттің соңы өкінішке ұласуы мүмкін. Өйткені бейбіт тұрғындардың жаппай қырылуына негіз болған қайғылы оқиғалар, әр азамат өзін осал сезінген кезде, билікке саяси шешімдер қабылдауға барынша қолайсыз жағдай жасау үшін жасалады. Демек мұның өте жағымсыз әрі ұзаққа созылатын салдары болуы мүмкін.

Мәселен, өткен аптада көпшілігіміз мұны әртүрлі ұлт өкілдері арасындағы қайшылық деңгейінде байқадық. Сондықтан Ресейдің ұлттық және көші-қон саясатындағы жағдайдың тұрақсыздануына жол бермеу қажет.Орта Азия елінен келген еңбек мигранттарына қысым жасалса, бұл олардың Ресейден жаппай кетуіне түрткі болады. Мәселе, аймақтың Ресей экономикасына кері әсерін тигізуінде ғана емес, ең алдымен одақтас елдерде орысфобиялық және антиресейлік көңіл-күй қалыптасады. Ал бұл өз кезегінде мемлекетаралық қатынастарға сына қағады. Осылайша, "Крокус Сити Холлдағы" лаңкестік әрекеттің бастамашылары өз мақсатына бір табан жақындай түседі", - деді Тасмағамбетов.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x