Мусиннің хатшысы экс-министрдің отставкасына қатысты пікір білдірді

Қаракөз Амантай 02 мам. 2024 15:52 2025

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің баспасөз хатшысы Альбина Атен Бағдат Мусиннің отставкаға кетуіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Цифрлық даму министрлігін 4 жылға жуық басқарған Бағдат Мусиннің аяқ астынан отставкаға кетуі көпшілікті таңғалдырды. Тіпті әлеуметтік желіде түрлі сарындағы қауесет желдей есті. Осы тұста экс-министр басшылық еткен ведомствоның баспасөз хатшысы Facebook-тегі парақшасында жағдайға түсініктеме беріп, жалған ақпарат таратпауды сұрады.

“Достар, әлеуметтік желіде белсенді талқыланып жатқан кейбір пайымдауға түсініктеме бергім келеді. Соңғы күндері БАҚ пен әлеуметтік желі қолданушылары министр Бағдат Мусиннің қызметтен кетуін әртүрлі пайымдармен талқылап жатқанын байқадым. Министрдің отставкаға кетуі оның өз қалауымен байланысты. Оны өзінің ресми парақшаларында жазды. Сондықтан мен сіздерді жалған ақпарат таратпауға және тек ресми дереккөздерге сенуге шақырғым келеді", - деп жазды ол.

Еске салсақ, 30 сәуірде Мемлекет басшысының Жарлығымен Бағдат Мусин ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі лауазымынан босатылғаны белгілі болды. Кейін Мусин өзінің отставкасы туралы ойын айтқан болатын. 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар