Орынбасарын жауапқа тартқанда, әріптес емеспіз бе деп әкімдер хабарласатын - Аймағамбетов

Сағыныш Сардарова 22 сәу. 2024 12:19 12731

Экс-министр, қазіргі Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов бұрын білім саласында қандай былықтар болғанын, педагогтерге қандай қысым жасалғанын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, мұғалімдердің құқығын қорғау үшін талай лауазымды адамды жауапкершілікке тартуға тура келген.

"Мамандық бойынша конкурсы ең көп үштік болса, соның ішінде педагог мамандығы бар. Енді мектепке келетін мұғалімдердің сапасы өте жоғары болады. Біріншіден, мұғалімдердің жалақысын көтердік. Екі жарым, үш есеге көтерілді. Жанымыздағы мемлекеттердің бірімен де салыстыруға келмейді. Оны ашық айтуымыз керек.

Екіншіден, кезінде олар (мұғалімдер - еск.) үйлердің есіктерін қағып кетті. Барлық жұмысты соларға асып қойды. Қазір мұғалімдер үй аралау дегенді ұмытты. Сенбілік болсын - барлық нәрсеге мұғалімдерді жегіп қоятын. Жиналыс болса, мұғалімдер барады. Кездесу болса, мұғалімдер барады. Сабақ қайда сонда?! Жылына 1000 адамнан әкімшілік жауапкершілікке тартуға тура келді", - деді ол.

Аймағамбетов бұл қатарда белді, лауазымды шенділер болғанын да жеткізді.

"Кезінде мен министр болғанда тіпті бір облыстың әкімінің орынбасарын әкімшілік жауапкершілікке тарттық. Сонда облыс әкімі маған хабарласып, "біз әріптес емеспіз бе, менің орынбасарымды қалай жауапкершілікке тартып жатсың?" деді. Біз "заңның аты - заң, барлығына бірдей" дедік.

Жүздеген директорды жауапкершілікке тарттық. Қаншама әкімнің орынбасарын, үлкен лауазымды тұлғаларды да жауапкершілікке тарттық. Мұғалімдер балаларды оқыту керек, басқа болмауы керек. Осылайша біраз мәселені өзгерттік деп айта аламын", - деді Аймағамбетов "Қасқа жолға" берген сұхбатында. 

2023 жылы Асхат Аймағамбетов министр лауазымынан босатылды. Шенеунік 2019 жылғы маусымнан бастап 2022 жылғы маусымға дейін білім және ғылым министрі қызметін атқарды. 2022 жылғы 11 маусымнан бастап оқу-ағарту министрі болып тағайындалды. Ол 4 жылға жуық уақытта "халықтың сүйікті министріне" айналды. Артынша бұл қызметке Ғани Бектайұлы Бейсембаев келді. Бұған дейін ол Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының президенті қызметін атқарған еді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x