Су тасқыны кезіндегі шектеуді сынаған журналиске полиция әкімшілік іс қозғады

Қаракөз Амантай 30 сәу. 2024 10:38 9357

29 сәуірде Батыс Қазақстан облысының әкімшілік орталығы Орал қаласында тұратын журналист Рауль Упоров өзін полиция әкетіп бара жатқанын хабарлады. Журналист мұны әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Полиция пунктіне апара жатыр. Әкімшілік іс қозғамақ", – деп жазды Упоров Facebook-тегі парақшасына.

Батыс Қазақстан облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі Азаттыққа журналист Рауль Упоровтың үстінен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 434-бабы ("Ұсақ бұзақылық") бойынша іс қозғалғанын хабарлады. Полиция бұл іске не себеп болғанын нақты айтпады.

Кейін Рауль Упоров полиция майоры Байарстанов қол қойған рапорттың фотосын жариялады. Құжатта Упоров журналистердің су басқан жерлерден ақпарат таратуына тыйым салынғаны туралы видео түсіріп, пікір айтқанда балағат сөз араластырып сөйлеген деп жазылған. 25 сәуірде полиция қызметкері басқарма басшысынан осы фактіні тіркеуді сұраған.

20 сәуірде Батыс Қазақстан облысы төтенше жағдай департаменті басшысының орынбасары Қанат Қарабалаев өңірдегі тасқынға қарсы күрес жөніндегі штаб басшылығы БАҚ өкілдеріне су басқан жерлерге баруына және ол жерден хабар таратуына тыйым салу туралы шешім қабылдағанын айтты. Мұны "журналистердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігіне" қажет шара деп түсіндірді. Келесі күні "Просто журналистика" жобасы авторларының бірі Рауль Упоров Instagram-stories-те видео жариялап, онда жаңа ереже туралы айтты, ол "нағыз журналистер өздері болуы қажет жерде жұмыс істеуі керек" деп мәлімдеді.

Упоровтың айтуынша, осыдан кейін оған учаскелік полиция қызметкері келген. Сол кезде оның үстінен шағым түскенін айтқан. Төтенше жағдай департаменті әзірше бұл оқиға жөнінде пікір білдірмеді.

 

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар