Судья Бишімбаевтың екі адвокатын сотқа кіргізбей қойды

Көркем Алдабергенова 11 сәу. 2024 09:57 76457

Қуандық Бишімбаевтың сот отырысында судья Айжан Күлбаева экс-министрдің адвокаттарын сот залына кіргізбей қойды, - деп хабарлайды Dalanews.kz

Бүгінгі сот отырысында Бишімбаевтың қорғаушысы Ерлан Ғазымжанов қана қатысып отыр. Адвокат Лейла Рамазанова мен Назкен Құсайынова сотқа кешігіп келгендіктен судья оларды сот залына кіргізбей қойды. 

Құсайынова 10 сәуірде өткен сот отырысында бүгінгі сот отырысын сағат 10.00-да бастауды сұраған. Алайда судья оның өтінішін қанағаттандырмай, сот отырысы әдеттегідей сағат 9.30-да басталатынын ескерткен болатын. 

"Бұған дейінгі сот отырыстарында сотқа кешігіп келуге болмайтыны бірнеше рет ескертілген болатын. Сот тікелей эфирден көрсетіліп жатқандықтан сот отырысы 9.30-да басталатынын біле тұра қорғаушылар кешігіп келді. Сондықтан олар сот залына кіре алмайды. Сот үзіліс жариялаған кезде олар сотқа қосыла алады", - дейді судья Күлбаева. 

Айта кетейік, 10 сәуірдегі сот отырысында Салтанат Нүкенованың көмекшісі сотта куәлік еткен болатын. Салтанат Нүкенова астрологиялық болжамдар бойынша ақылы кеңестер өткізген. Ал Анар Тасова оған бұл жұмыста көмектескен. 

Сот отырысында куәлік еткен Тасова Нүкенова мен Бишімбаевтың арақатынасы туралы да айтты. Оның сөзінше, Нүкенова оған бірнеше рет Бишімбаев жұмыс істеуге тыйым салғанын айтқан. Сонымен қатар, ол былтыр Шымкентте Салтанатпен кездескен кезде денесінен жарақат көрген.

Айта кетейік, 27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.

Сонымен қатар, Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады. Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.

Сот отырыстарында оқиға болған кездің, дәлірек, Бишімбаев Салтанатты шашынан сүйреп, тепкілеген сұмдық кадрлар көрсетілді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x