Ташкент Кремльдің АЭС-ке қатысты астарлы мәлімдемесіне жауап қатты

Қаракөз Амантай 04 мам. 2024 11:38 4226

“Өзатом” басшысы Әзім Ахмедхожаев Ресей өкілдерімен Өзбекстанда атом электр станциясын салу жөніндегі келіссөздер тек жалпылама мәлімдемелер екенін жеткізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

БАҚ өкілдерінің қойған сұрағына ол бұл мәселе бойынша әлі нақты шешім қабылданбағанын атап өтті.

“Біз қазір жай ғана келіссөз жүргізіп жатырмыз. Жалпылама мәлімдемелерден басқа нақты ештеңе жоқ. Ресей жағы да жалпылама мәлімдеме жасап, бірақ қосымша мәлімет беріп, басқаша астарлап жүр. Бірақ қазір нақты ештеңе жоқ. Жалпылама мәліметтер ғана", - дейді Өзбекстан атом энергетикасын дамыту жөніндегі агенттік директоры.

Өткен аптада “Росатом” корпорациясы бас директорының бірінші орынбасары Кирилл Комаровтың айтуынша, Өзбекстанмен АЭС құрылысына қатысты келіссөздер “әжептәуір сәтті” өтіп жатыр.

“Біз осы жобаны жүзеге асыруға кез келген уақытта дайынбыз”, - дейді “Росатом” өкілі.

Өзбекстан энергетика министрі Журабек Мирзахмудов былтыр қарашада Ташкент АЭС құрылысына қатысты Ресей “тәжірибесі мен технологиясын” ғана емес, басқа да елдерді де қарастырып жатыр деп мәлімдеген.

Еске салайық, 2018 жылы қыркүйекте Өзбекстан Ресеймен атом электр станциясының құрылысы туралы әріптестік туралы келісімге қол қойған. Еш ескертусіз қабылданған шешім Өзбекстанға көршілес орналасқан мемлекеттердің алаңдаушылығын тудырған болатын.

Деректерге сүйенсек, АЭС Өзбекстан-Қазақстан шекарасынан 40 километр жерде орналасқан Жизақ облысы Тұзқан көлінің маңында салынады деген жоспар бар. Бұл - Айдар-Арнасай көлдер жүйесінің бөлігі. Мұнда стратегиялық маңызды нысан Шардара су қоймасы орын тепкен. Сонымен қатар зауыт үш миллион халықты қамтыған Өзбекстан астанасы Ташкенттен небәрі 140 км қашықта бой көрсетпек.

Сондықтан жоба Орталық Азиядағы экологиялық тепе-теңдік пен инвестициялық ахуалға қауіп төндіріп, аймақтық қауіпсіздік шиеліністерін одан әрі ушықтыруы мүмкін. Қала берді Өзбекстанның Ресейге стратегиялық тұрғыдан тәуелді болу көрсеткіші де артпақ.

Ал сарапшылар мұнда магнитудасы 6,0-6,5-ке дейін, тіпті одан да жоғары жер сілкінісі болады деп дабыл қағуда. Расымен де, Өзбекстанның бірнеше қаласында сейсмикалық белсенділік жоғары. Соның ішінде зауытқа жақын жерде орналасқан Жизақ елді-мекені жер сілкінісіне сезімтал аймақ екенін атап өткен жөн. Рихтер шкаласы бойынша бұл жерде 9 баллдық апат болуы мүмкін.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар