Түлкібас ауданында тұт шаруашылығын дамыту қолға алынды

Жарбол Кентұлы 16 сәу. 2024 10:48 707

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірде тұт кластерін дамыту жөнінде тапсырма берген болатын. Облыс аумағында тұт шаруашылығын дамытып, одан жібек мата өндіру мақсатында Түлкібас ауданы әкімдігінің тікелей қолдауымен климаты тұт шарушылығына қолайлы аймақ болып саналатын ауданда биыл тұт ағаштарының көшеттерін кемінде 10 гектар жерге егу жоспарлануда, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бекітілген меженің бүгінгі таңда 5 гектарына көшет егу жұмыстарын Арыс ауылдық округіне қарасты «Нұрлан» шаруа қожалығы бастап кетті. Жапырағын жылына төрт рет жинауға болатын егілген тұттың сорты «Әндіжан Мархамат – 2017» деп аталады.

Көшет егу және оны күтіп баптау жұмыстарының барлық талаптарға сай болуы «Қазақ жібек» бірлестігінің тікелей қадағалауымен іске асуда.  Бұдан бөлек биыл Түлкібас ауданында тұт шаруашылығымен айналысуға Ақбиік, Майлыкент және Шақпақ ауылдық округінің агроқұрылымдары қызығушылық танытып отыр.

Соның бірі, Майлыкент ауылдық округіне қарасты «Сапарғали» шаруа қожалығы 7 гектар жер теліміне аталған тұт сортының көшетін осы аптаның ішінде егуді бастағалы тұр.

Тұт отырғызып, жібек өндіруге ниет білдірген тұрғындарға «Ауыл аманаты» бағдарламасы (жылдық үстемесі 2,5 пайыздан аспайтын несие) бойынша қаржылай қолдау көрсету тетіктері қарастырылған. Тұт ағашын отырғызған шаруалар алғашқы өінімін алғанша 20 айға дейін демалыс ала алады.

Тұт шаруашылығы бойынша жібек талшығы тұт жапырақтарымен қоректенген жібек құртынан алынады. Ал жібек құртының негізгі азығы – тұт ағашы. Жібек өндірісі – әлемдегі ең табысты кәсіптердің бірі. 1 гектар жерге егілген тұт ағашынан 1,5 млн. теңгеге дейін таза табыс табуға мүмкіндік бар. Ал өнімді Шығыс Еуропаға, Оңтүстік Кореяға және Қытайға сатуға болады. Өйткені мұндай тауарға аталған елдерде сұраныс өте жоғары.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x