"Халық партиясы" Ертісбаевтан ерте бастан құтылыңдар - адвокат Вранчев

Сағыныш Сардарова 06 мам. 2024 12:28 6751

Әйелін өлтірді деп айыпталып отырған бұрынғы министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот жарыссөзінде адвокат Игорь Вранчев тосын мәлімдеме жасаған болатын. Ол "Бишімбаев секілді шенеуніктерді 30 жылдық жүйенің негізінде қалыпастқан қоғамның паразиттері" деп астыртын сынады.

Саясаткер Ермұхамет Ертісбаев Вранчевті осы сөзі үшін жауапқа тарту керек десе, адвокат Вранчев Ертісбаев қай партияның төрағасы екенін ұмытпауы қажет дейді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ертісбаев адвокат Вранчевты әлеуметтік араздықты қоздырды деп айыптап отыр.

"Бишімбаев ісінде саяси астар бар деген конспирологиялық нұсқа болды. Жәбірленуші тараптың адвокаты Вранчев мырза мұны растап берді. Бұл - былтыр басталған трагедияның кульминициясы. Ашығын айтқанда, Вранчев ҚР Конституциясының 5-бабын өрескел түрде бұзып отыр. Онда әлеуметтік араздықты қоздыруға түбегейлі тыйым салынады. Әлем елдерінде әлеуметтік араздықты қоздыру аса ауыр қылмыс санатына жатады. Вранчевті адвокат лицензиясынан айырмаса, оған қатысты қылмыстық іс қозғамаса, онда азаматтық соғыс мәселесі уақыт еншісіндегі сұрақ қана. Мен ешқандай да әсірелеп отырған жоқпын", - деді Ертісбаев.

Саясаткер тиісті министрліктен, адвокаттар алқасынан жәбірленуші тараптың адвокатын өмір бойына адвокат лицензиясынан айырып, оған қатысты қылмыстық іс қозғауды сұрады.

Ал адвокат Вранчев Қазақстан Халық партиясы өкілдеріне Ертісбаевтан шама келгенше "құтылуға" кеңес берді. 

"Ол Қазақстан паразиттер партиясының емес, Қазақстан Халық партиясының төрағасы екенін ұмытпауы керек. Менің ойымша, партияластары Халық партиясының саясатына нұқсан келтіретін осындай мәлімдемелері үшін бұл адамнан құтылуы керек. ", - деді Вранчев.

Бұған дейінгі сот отырыстарының бірінде Нүкеновтердің адвокаты Игорь Вранчев Бишімбаевты Ескі Қазақстанның өкілі деп түйреп өткен еді.

"Менің ойымша, бұл жерде бір ғана дұрыс шешім бар, ол - Бишімбаевқа ешқашан бостандыққа шығуға мүмкіндік бермей, оны кінәлі деп тану. Есесіне бүкіл халқымызды осындай паразиттерден құтқарасыздар, бізде отыз жылдан аса уақыт бұрын Тәуелсіздік орнады, бірақ ешқандай алға ілгерілеу жоқ. Қоғамның осы паразит бөлігі, қоғамның дерті қай кезде пайда болғанын және олар қалай министрлер мен ірі кәсіпкерлерге айналғанын білеміз. Біреуін отырғызу (түрмеге отырғызу - еск.) арқылы осы процесті қарайтындардың барлығына, Бишімбаев секілді басқаларға сабақ бересіздер", - деді ол.

Ал кейінгі сот отырысында Бишімбаевтың адвокаты Рамазанова осы мәлімдемеге жауап берді.

"Кеше адвокат Вранчев Бишімбаевты халықтың 30 жылдағы қайғы-қасіретіне жауап ретінде құрбандыққа шалу керек деді. Қуандық неге бұл үшін жауап беруі керек? 30 жыл бұрын Қуандық нәбәрі онда ғана болған. Қуандық жазаланса, қоғамдағы мәселелердің бәрі шешімін тауып кете ме? Біз мұнда Қуандықты емес, заңды қорғап тұрмыз. Қуандықтың орнында кез келген адам болуы мүмкін, - дейді Лейла Рамазанова.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар