Бишімбаев тілінен жаңылып, ол бірден Назарбаевтың құлағына шалынады - журналист

Сағыныш Сардарова 26 нау. 2024 11:00 9337

Тәуелсіз журналист Дина Елгезек экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Белсенді қоғамды дүрліктірген бұл істі "ұлтымыздың трагикомедиясы" деп атады.

"Бұл - бізді басқарып отырған ұры жүйенің нақ көрінісі. Іріп-шіріген жүйенің көрінісі деп айтуға болады. Қуандықтың өмірін алайықшы мысалы, 40-тан асып кеткен жігіт. Өмірі қалай басталды? Қазір түрмеде.

Қуандық керемет тасып бара жатқан ақылынан, асып бара жатқан білімінен үлкен қызметтерді иеленген жоқ. Ол көп жыл бойы билік элитасының құрамына кірді. Жиырма-отыз жылдар бойы. Экономика министрі қызметін атқарды, ұзақ жыл Кәрім Мәсімовтің қасында жүрді, агенттіктерді басқарды. Яғни 20-30 жыл бойы елімізді басқарған элитаның құрамында болды", - деді журналист Barys Media-ға берген сұхбатында.

Сондай-ақ, Дина Елгезек Бишімбаевтың асығы неге алшысынан түскені жөнінде тың дерек айтты.

"Себебі ол - Назарбаевтың досының ұлы. Назарбаевтың досының ұлы болғандықтан, ол ешқашан қызметтен түскен жоқ, ең бай бағлан жігіттердің бірі болды. Оның түкірігі жерге түскен жоқ.

Бір күні қызметте жүріп, Назарбаевқа қатысты тілінен жаңылып, дұрыс емес информация айтып қояды. Сол Назарбаевтың құлағына жетеді. Одан кейін дереу арада жемқорлық бабы бойынша қылмыстық іс қозғалады, 10 жылға сотталып кетеді.

10 жылға сотталып кеткен адамды Назарбаевтың досының ұлы болғандықтан, екі-ақ жыл түрмеде отырғызады да шығарып жібереді. Оларға заң жоқ, заң жүрмейді. Бес тауық ұрлап, бес жылға сотталып кеткен жігіттер бар екен. Біздің жүйенің іріп-шірігендігінің көрінісі.

Ол бір рет үйленеді, тастайды, екінші рет үйленеді, тастайды, үшінші рет үйленгенде Салтанатты әйелдікке алады. Біреудің үлпілдеп отырған қызын айуандықпен өлтіреді", - деді белсенді Barys Media-ға берген сұхбатында.

Айта кетейік, былтыр Қуандық Бишімбаев әйелін ұрып өлтірді деген күдікпен қамауға алынды. Қазір сот отырысы өтіп жатыр. Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың бұл бірінші қылмыстық ісі емес.

Ол 2018 жылғы наурызда 10 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Бұрынғы шенеунік пара алу және ақша жымқыру істерінде айыпты деп танылған еді. Бишімбаевтың сот ісі төрт айдан аса уақытқа созылды. Онымен бірге бұл істе 22 адам сотқа тартылған еді. Олар "Бәйтерек DEVELOPMENT" АҚ экс-қызметкерлері, кәсіпкерлер және құрылыс компанияларының өкілдері болды. Экс-шенеунік 10 жылға сотталса да, тура 19 ай өткенде бостандыққа шықты.

Абзал Құспан оның бұлай ерте босап шығуының қандай құпиясы бар екенін айтты.

"Мерзімінен бұрын босатудың екі формасы бар, біріншісі - мерзімінен бұрын босату, екіншісі - жеңіл жазаға ауыстыру. Осы екі дүние сыбайлас жемқорлық сипатындағы қылмыстық істерге қатысты қолданылмайды. Президент жанындағы комиссия әлі бар, дәл қазір қалай жұмыс істеп жатқанын білмеймін. Экс-президенттің тұсында ол қатты жұмыс жасады.

Соттар мына жақтан кінәсін дәлелдеп, ақ тер, көк тер болып, істі қылып, адамды соттайды. Ол кезде Назарбаевтан кешірім сұраған шенеуніктер шығып кететін еді. Кешірім сұрамаған адамдар Экспоға қатысты сотталған Ермегияев сияқты әлі күнге жазасын өтеп жатыр.

Одан да зор қылмыс жасаған адамдар бүгін кешірім сұрап, ертесі күні босап кеткен жайы бар. Сондықтан Бишімбаев мерзімінен бұрын босап шыққан жоқ, президенттен кешірім сұрап, президенттің жанындағы комиссия арқылы босап шықты", - деп түсіндірді заңгер Usbanov ARNASY-на берген сұхбатында.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x