"Алқабилердің бесеуі ер адам". Сарапшы Бишімбаевтың сөзіне талдау жасады

Көркем Алдабергенова 02 сәу. 2024 14:52 7307

Белгілі коуч, сарапшы Роза Әшірбаева Қуандық Бишімбаевтың соттағы мәлімдемелері мен адвокаттарына қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Әшірбаеваның сөзінше, қазіргі таңда сотқа қатысты ақпараттық шабуылдар басталған.

«Бишімбаевтың адвокаттары «Біз қалай қорғанамыз?» деп талқылаған кезде, олардың бар ойына келгені осы. Яғни Салтанатты барынша жаман көрсетсек, онда жаза ретінде аз мерзім беріледі деген ойға келген. Сценарийді солай құрған. Салтанаттың өзін кінәлі қылып шықпақ.

Бишімбаевтың адвокаттары не үшін бұлай істеп отыр? Себебі Қазақстанда 20 миллион адам болса, оның 10 миллионы ер адам. Статистика бойынша, ер адамдар мемлекеттік қызметте, басшылық қызметте, азаматтық белсенді адамдар. Ал ер адамдардың көбі күйеуі әйелін ұрса демек әйел өзі кінәлі, тілден тапты деп ойлайды. Адвокаттар әдейі осы тақырыпқа бұрмалап әкеле жатыр. Себебі «Салтанаттың өзі сондай, жеңілтек, ашулана береді» деген айыптаулар әлеуметтік желіге тарап кетсе, артында Бишімбаев бүкіл ер азаматтарға үндеу жасап жатыр деген сөз. Ер азаматтарға сигнал жасап жатыр. Құқық қорғау органдарында көбіне жұмыс істейтін ер адамдар, алқабилердің бесеуі ер адам. Сондықтан Бишімбаев жазасын өтеу мерзімін азайту үшін аянбай әділетсіз түрде Салтанат пен оның отбасын қаралап жатыр», - дейді сарапшы.

Сонымен қатар, Роза Әшірбаеваның сөзінше, Бишімбаев Салтанат екеуінің арасында ғана болған дәлелі жоқ жағдайды әдейі айтқан. 

"Салтанаттың эмоциясы ауыса береді, мен оған дәрі бердім" деген нәрселерді айтады. Оған дәлел жоқ. Оны жоққа шығаратын бір адам ғана - Салтанат. Аузына келгенін айтып жатыр", - дейді Әшірбаева.   

Айта кетейік, бұған дейін белгілі заңгер Ержан Есімханов "Бишімбаев ісі" елдегі сот жүйесінің қандай күйде екенін әшкерелеп берген болатын. 

Айта кетейік, әлеуметтік желіде қазақстандықтар судья, прокурор мен адвокаттардың дөрекілігіне наразы болған. Заңгердің сөзінше,олардың өзін ұстауына таңғалудың қажеті жоқ.

«Бұл бүкіл ел онлайн көруге мүмкіндік алған ауқымды процесс, сондықтан кәсіби мамандар да, қатысы жоқ адамдар да процеске қатысты пікір білдіруге тырысып жатыр. Олардың көбі процесс қалай өрбіп жатқанына наразы. Прокурорлар селқос, айыпталушының адвокаттары дөрекі, судья процесті бақылауда ұстамай отыр дейді. Сондықтан адамдарда процесс бақылауда тұр, шешім белгілі, әділдік болмайды дегендей ой қалыптасқандай болған.

Бұл қалыпты нәрсе, әркім өз ойын айтуға құқылы. Бірақ бір нюанс бар. Мұны бұған дейін сот процестеріне қатысқан адам түсінеді. Олардың өзін бұлай ұстауы жаңалық емес, олар өзін үнемі осылай ұстайды. Үнемі. Прокурорлар селқос. Бір тұжырымды қайталай береді. Заңгерлер олар не үшін бір нәрсені қайталай беретінін түсінеді, айыптаушы тараптың белгілі бір процедуралық міндеті бар, олар сол тапсырманы орындауы керек», - дейді заңгер.  

Ержан Есімхановтың сөзінше, адвокаттардың өзін дөрекі ұстауы да қалыпты нәрсе. 

Айта кетейік, 1 сәуірде өткен сот отырысында Қуандық Бишімбаев Салтанат Нүкеновамен қарым-қатынасы туралы өз нұсқасын айтқан болатын. Сонымен қатар, Бишімбаев сотта Салтанаттың жеке өміріндегі бұрынғы жайттар туралы да айтты. 

Одан бөлек, Бишімбаев іске қатысты ақпараттар бұрмаланғанын мәлімдеді.  

Ендігі сот отырысы 3 сәуірде 10.00-де болады. 

27 наурызда экс-министр Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша алқабилер таңдалған еді. Алқабилер алқасына 12 адам іріктелді: 10 – негізгі құрам, 2 – қосалқы. Содан кейін ашық сот отырыстары басталды.

Кейін Қуандық Бишімбаев сотта Салтанат Нүкенованы аса қатыгездікпен өлтіргенін мойындамады.

Бұл оқиға 2023 жылы 9 қарашада Астана қаласындағы BAU мейрамханасында болды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар