Журналистер дабыл қақты: Омарова ісі әділ қаралсын

Dalanews 22 нау. 2026 17:12

Журналистер Тоқаевқа үндеу жолдады: Ботагөз Омарова ісін бақылауға алуды және 274-бапты декриминализациялауды сұрады, деп хабарлайды Dalanews.kz

Қазақстан журналистері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Ботагөз Омарованың ісін жеке бақылауға алуды сұрап, ашық үндеу жасады. Сонымен қатар, олар «жалған ақпарат тарату» туралы Қылмыстық кодекстің 274-бабын декриминализациялау мәселесін көтерді.

«Біз, Қазақстан журналистері, Сізге – Конституция кепілі әрі “Заң және Тәртіп” тұжырымдамасының авторы ретінде жүгінеміз. 2026 жылғы 20 наурыз күні 20 жылдан астам тәжірибесі бар, мінсіз беделге ие әріптесіміз Ботагөз Омарованы Астана қалалық полиция департаментіне “әңгімелесуге” шақырды. Ол өз еркімен барды. Алайда бірнеше сағат ішінде оның мәртебесі өзгеріп, алдымен қорғау құқығы бар куәгерден, кейін Қылмыстық кодекстің 274-бабы (“Көрінеу жалған ақпарат тарату”) бойынша күдіктіге айналды», – делінген үндеуде.

Журналистердің айтуынша, Ботагөз Омарова полиция бөлімінде сегіз сағаттан астам уақыт болған.

«21 наурызға қараған түні тергеу сотының отырысы өтіп, оның нәтижесінде екі ай мерзімге үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды. Түнгі сағат 3 пен 5 аралығында оның пәтерінде тінту жүргізілді. Қазіргі уақытта оған нақты қай журналистік материалы үшін 274-бап бойынша айып тағылғаны туралы ресми ақпарат жоқ. “Масс-медиа туралы” заңның 68-бабына сәйкес, журналист, редакция немесе БАҚ белгілі бір жағдайларда шындыққа сәйкес келмейтін ақпарат таратқаны үшін жауапкершіліктен босатылады. Атап айтқанда, егер ақпарат ресми дереккөздерден алынған немесе жеке және заңды тұлғалардың сөздерін сөзбе-сөз келтірген жағдайда», – деп еске салды үндеу авторлары.

Олар Ботагөз Омарованың әрдайым кәсіби міндетін адал атқаратынын, ақпаратты мұқият тексеріп, заң аясында жұмыс істейтінін атап өтті.

«Біз оның заң бұзбағанына сенімдіміз. Сізден Ботагөз Омарованың ісін жеке бақылауға алуды және журналистерді мұндай қысым жағдайларынан қорғауды сұраймыз. Себебі 274-бап жиі журналистерге қысым көрсету құралы ретінде қолданылып келеді. Конституция кепілі ретінде осы бапты декриминализациялау жөнінде президенттік бастама көтеруіңізді өтінеміз. Сонымен қатар, істің барлық мән-жайын жан-жақты, әділ және ашық тергеп, процессуалдық нормалардың сақталуын қамтамасыз етіп, Ботагөз Омароваға қатысты қылмыстық қудалауды тоқтатуға ықпал етуіңізді сұраймыз», – делінген үндеуде.

 

Үндеу соңында: «Құрметпен, Қазақстан журналистері және сөз еркіндігі маңызды деп санайтын азаматтар» деп көрсетілген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove