Ақпарат министрлігі ЛГБТ сайтын бұғаттап, жұмысын тоқтатты

Жарбол Кентұлы 12 ақп. 2024 12:33 1080

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі қазақстандық ЛГБТ сайтына тосқауыл қойды, – деп хабарлайды Dalanews.kz

ЛГБТ сайты блокталғанға дейін оның басты бетінде «Selftanu.kz – бұл LGBTQ+ жасөспірімдеріне және өзін түсінгісі келетіндерге арналған жоба» деген сайттың сипаттамасын оқуға болатын еді.

Бұл сайт пен оның мазмұны қазақстандықтар арасында түрлі пікір туғызғаны белгілі. Көпшілік өз наразылықтарын білдірді. LGBTQ+ жасөспірімдеріне арналған алғашқы веб-сайт ашылған күні қазақстандықтар дәстүрлі емес сексуалдық бағытты насихаттауға қарсы петиция бастаған болатын.

Өз кезегінде ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі сайттың бұғатталуына қатысты түсініктеме берді.

Министрлік Selftanu.kz интернет-ресурсында жүргізілген мониторинг барысында балалардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпаратты орналастыруға қатысты заң бұзушылықтарды анықтаған.

Балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі уәкілетті орган балалардың психо-жастық ерекшеліктерін, олардың теріс әсерінен осалдығын ескеріп, қазақстандық тұрғындар арасында ЛГБТ қозғалысының идеяларын тарататын интернет-ресурстарға қолжетімділікті шектеу қажет деп санады. Министрлік ақпараттық ортаны, қазақ қоғамының тарихы мен дәстүр сабақтастығы, мемлекеттің мәдени құндылықтарын, сондай-ақ балаларды дұрыс тәрбиелеу мәселесін жан-жақты сараптап, осындай шешімге келгенні айта кетуіміз керек.  

«Балаларды олардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы» Заңында балаларға тыйым салынған ақпарат ерекше сексуалдық және эротикалық сипаттағы, Қазақстан Республикасының өзге де заңдарымен балалар арасында таралуына тыйым салынған мәліметтерді қамтитыны белгіленген.

Сонымен қатар «Бала құқығы туралы» заңда порнографиялық ақпаратты тарататын, балаларға зиянды әсер ететін және құқық бұзушылық жасауға ықпал ететін бұқаралық ақпарат құралдарын пайдалану да заңмен жауапкершілікке тартып, оларды таратуға тыйым салынатыны айтылған.

Осы себептерге байланысты министрлік Selftanu.kz интернет-ресурсына кіруді шектеу шараларын қабылдады.

Сонымен қатар министрлік өкілі аталған сайтта заң бұзушылықтар жойылса, оған қолжетімділік қалпына келтірілетінін атап өтті.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар