Әрбір қазақстандықтың табысын арттыратын, тұрмыстық ахуалын жақсартатын қандай реформалар бар?

Жарбол Кентұлы 05 нау. 2024 12:17 2812

Соңғы жылдары елдің тұрмыстық әлеуетін арттырып, табысын көтеруге бағытталған түрлі бағдарламалар қолға алынып жатыр, әлбетте мемлекет тарапынан. Олардың денінде экономикадағы, әлеуметтік саладағы және ішкі саясаттағы түбегейлі өзгерістердің жоспарлары көрсетілген. Бұл реформалар мемлекет өмірінің одан әрі бағыттарын айқындайтын елдің дамуындағы іргелі және негізгі проблемаларды шешуді көздейді. Солардың бастысы ретінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын атауға болады. Ол 132 тармақтан тұратын Іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асуда.

Президенттің мемлекет байлығының басым бөлігін иеленетін адамдардың шоғыры жайында айтқаны бар. Бұл факт елдегі әлеуметтік теңсіздікті тудыратыны рас. 2023 жылдың шілдесінде Қасым-Жомарт Тоқаев «Заңсыз алынған мүлікті мемлекетке қайтару туралы» заңға қол қойды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, 2022 жылдан бастап бюджетке және квазимемлекеттік сектор субъектілеріне мүліктік активтер мен қаражаттың қайтарылуы шамамен 857 млрд теңгені құрады. Айтпақшы, 2022 жылдың ақпанында Парламент Мәжілісінің депутаттары соңғы 25 жылда Қазақстаннан шетелдік оффшорларға шамамен 140-160 миллиард доллар аударылғаны туралы мәліметтерді келтірген болатын.

Сонымен қатар, «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры Президенттің тапсырмасымен 2022 жылғы қаңтарда ел халқына денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау, мәдениет және спорт салаларында қайырымдылық көмек көрсету мақсатында құрылған. Бұған төтенше жағдайларда зардап шеккен халыққа көмек көрсету де кіреді. Қор жеке көздерден, сондай-ақ халықаралық қайырымдылық ұйымдарынан қаржыландырылады. 2022 жылы қор 132 миллиард теңге жинады, былтырғы түсімдер 26,5 млрд теңгені құрады. 2023 жылғы сәуірде Үкімет қаулысы қабылданды, оған сәйкес «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры жыл сайын «Қазақстан халқына» қорына таза кірістің кемінде 7 пайызын аударады. Бүгінде «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры – «Қазақстан халықына» қорына аударымдары реттелетін жалғыз қор.

«Қазақстан халқына» қоры төрағасы Болат Жәмішев бүгінде жалпы сомасы 146,5 млрд теңгені құрайтын 40-тан астам қайырымдылық бағдарламалары мен жобаларын қаржыландыратынын айтты. Қор бағдарламалары еліміздің барлық аймақтарында ауылдық елді мекендер мен шағын қалаларға баса назар аудара отырып іске асып жатыр. «Қордың ең үлкен бағдарламасы – өміріне қауіп төндіретін және сирек кездесетін аурулары бар науқастарға дәрі-дәрмек сатып алу. 324 қазақстандыққа 24,9 млрд теңгеге 36 дәрі-дәрмек түрін сатып алу қамтамасыз етілді, оның 243-і балалар. Қазақстанға алғаш рет жеті дәрі, оның ішінде әлемдегі ең қымбат «Золгенсма» дәрісі сатып алынды», - деп атап өтті Болат Жәмішев 2023 жылдың қыркүйегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында.

Ел байлығын әділ бөлу мәселесін көтерген Мемлекет басшысы қазақстандық балалардың болашағын қамтамасыз ету үшін арнайы қор құруды тапсырған болатын. «Әрбір отбасы елдің ұлттық байлығын пайдаланудан нақты табыс алуы керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылы аясында іргелі жаңа «Балаларға арналған ұлттық қор» бағдарламасына серпін беруді аса маңызды деп санаймын», - деген-ді Қасым-Жомарт Тоқаев. Бағдарламаның мәні - Ұлттық қордың инвестициялық кірісінің 50 пайызы 18 жасқа дейінгі барлық жастағы балаларға жыл сайын бөлінетіндігінде. Трансферттер балалардың арнайы шоттарына түседі. Трансферттерді тек кәмелетке толған кезде екі мақсатта ғана қолдануға болады: білім алу және тұрғын үй сатып алу. Балалардың шоттарына аударымдар 2024 жылдың 1 қаңтарынан басталады.

Ал «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын Мемлекет басшысы белсенді шығармашыл жастар қауымдастығын құруға бағытталған жастардың жаңа және бұрыннан бар бастамаларына мемлекеттік қолдау көрсету мақсатында тағайындады. Оған 14 пен 35 жас аралығындағы азаматтар қатыса алады. Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, гранттар 5 бағыт бойынша беріледі: ғылымның басым секторлары, мәдени мұра мен халықтық мәдени дәстүрлерді насихаттау, ақпараттық технологиялар, оның ішінде стартаптар, экономиканың басым секторларындағы бизнес және медиа-жобалар, оның ішінде жастарға арналған танымдық, пайдалы, қызықты контент құру жобалары.

Былтырғы 1 қаңтардан бастап бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімі 1,5 жылға дейін ұзартылды. Бұрын бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы бала 1 жасқа толғанға дейін төленетін. Бұл жәрдемақы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне кірмейтін, балаларын күтетін жұмыссыз әйелдер мен ер адамдарға тағайындалады. Босанғанға дейін жұмыс істеген әйелдердің бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік жәрдемақысы бөлек есептеледі. Оның мөлшері бала туғанға дейінгі соңғы екі жылдағы орташа айлық табыстың 40 пайызын құрайды.

Президент жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы Ермек Тоқтаровтың айтуынша, кезектен тыс Президент сайлауы бүкіл мемлекеттік басқару жүйесін толықтай қайта іске қосудың алғашқы қадамы болды. Бұл өзгерістер мен реформаларға деген әлеуметтік сұранысқа байланысты. Ал мемлекет халықтың өтінішіне дер кезінде жауап берді. «Мысалы, жыл басынан бері ең төменгі жалақы 85 мың теңгеге дейін өсті. Бұл шара жұмыс істейтін 1,8 миллион қазақстандықтың табысын арттыруға мүмкіндік берді», - деп атап өтті сарапшы.

Ол елде халықтың нақты кірістерін арттыру бағдарламасы бар екенін, оған сәйкес жалпы ел бойынша орташа жалақы өсіп жатқанын еске салды. Мәселен, дәрігерлердің орташа жалақысын 30 пайызға, медицина қызметкерлерінің жалақысын 20 пайызға арттыру жүзеге асты. Сондай-ақ, 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап грантқа ие болған барлық студенттердің шәкіртақысы 20 пайызға, магистратура мен докторантураның шәкіртақысы 15 пайызға өсті. Бұл оқитын жастардың табысына айтарлықтай қосымша болды.

Әлеуметтік саладағы өзгерістер тек жастар мен жұмыс істейтін қазақстандықтарға ғана емес, зейнеткерлерге де әсер етті. 2023 жылдың басынан бастап ынтымақты зейнетақы мөлшері 10,5 пайызға өсті. Жалпы, зейнетақы мен жәрдемақылардың барлық түрлерінің мөлшерін ұлғайту шаралары 4,4 миллион азаматты қамтыды, оған республикалық бюджеттен 4,6 триллион теңге бөлінді. Ермек Тоқтаровтың айтуынша, бұл шаралар қазіргі кезеңдегі мемлекеттік саясаттың әлеуметтік сипатын растайды.

Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда жылдық инфляция 2 есеге төмендеп, 10,8 пайызды құрады. Ал сарапшылар Президенттің азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз етуге бағытталған экономикалық, саяси және идеологиялық саланы синхронды реформалауға бағытталған стратегиялық бағытты дәйекті түрде жүзеге асырып жатқанын айтады. Бұл ретте мемлекет қоғамның сұранысын ескеру үстінде. Бұл қағида Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жоспарында ғана емес, сонымен қатар бүкіл мемлекеттік басқару жүйесінде белгіленген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар