Атырау облысында бір топ жас жігіттің қызметтік міндетін атқару кезінде полиция қызметкеріне шабуыл жасағаны туралы ақпарат тарады. Сондай-ақ әлеуметтік желіде оқиға орнынан кадрлар жарияланды. Бұл оқиғаға қатысты облыстық ПД өкілдері пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz
Оқиғаның видеосы Instagram-дағы atyrauoil.official парақшасында жарияланған еді.
Видеоны жүктеген автордың хабарлауынша, алдын ала мәліметке сәйкес, бір топ жігіт ескерту жасаған полицейді соққыға жыққан.
Атырау облыстық полиция департаменті оқиғаға қатысты түсініктеме берді.
"2026 жылғы 3 сәуір күні шамамен сағат 22:00-де Мақат ауданында полиция қызметкерлері қызметтік міндеттерін атқару барысында құқыққа қайшы әрекеттің жолын кесті. Тексеру барысында бір топ азаматтың қарсылық танытып, полиция қызметкерлеріне қатысты күш қолданғаны анықталды", - делінген ПД мәлімдемесінде.
Оқиға нәтижесінде екі полиция қызметкері зардап шеккен.
Оқиғаға қатысушылардың барлығы анықталып, оларға қатысты процессуалдық шаралар қабылданған. Билік өкілдеріне қатысты күш қолдану фактісі бойынша "билік өкіліне қатысты қорқыту немесе күш қолдану" бабымен қылмыстық іс тіркелген. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
"Полиция қызметкерлеріне қатысты кез келген заңға қайшы әрекеттер заңды өрескел бұзу болып табылатынын және заңнамаға сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеміз", - делінген хабарламада.
Өзге ақпараттар тергеу мүддесіне сай жариялауға жатпайды делінген ресми хабарламада.
