Басты мақсат халыққа адал қызмет – Мадияр Ақылбеков, Ақмола облысы, Целининград ауданы өрт сөндіру қызметі бөлімшесінің командирі:

Dalanews 30 қар. 2023 05:25 2377

– Әлеуметтік желідегі киімдеріңізге мұз қатқан сурет халықтың ықыласын тудырды. Бұл сурет қайда түсірілген еді? Кім түсірді?

– Ақмола облысы, Целининград ауданы Төңкеріс ауылында үй өртеніп, сол өртті сөндіргеннен кейін жиналып қайтайын деп жатқанда өрт сөндіру көлігінде түсірілген сурет болатын. Суретті өзіміздің жүргізуші қызметкеріміз, азаматтық қорғау старшинасы Згуровец Денис Алексеевич түсірген. Ал суретте Арайлы бекетінің өрт сөндіру қызметі бөлімшесінің бастығы Бимақанов Қуат Сағатович, өрт сөндіруші құтқарушы Өмірбек Жансерік және мен болатынмын. Желіде тарап кеткенін кейін білдік, күнделікті қызметтегі көрініс болатын.

– Ауа райының қолайсыздығына қарамастан төтенше жағдайдың ортасында жүресіздер. Тілсіз жаумен күрес те оңай емес. Қызмет ауыстырғыңыз келетін сәттер бола ма?

– Жоқ, басыма ондай ой келмепті. Біздің жұмысымыз қиын болғанымен, қызық, еркекке тән қызмет. Қиын жағдайға тап болғандарды құтқаруға ұмтылудың, тілсіз жаумен күресудің өзінше бір мехнатымен қоса, мамандығыңа мақтанышы да болады. Адамға көмек қолын созу ерекше қасиет қой. Сондықтан кету жайлы мүлдем ойламаппын. Осы уақыт ішінде тілсіз жаудың тілін табуға әбден машықтандық қой. Сондықтан соншалықты қорқынышты деп те айта алмас едім.

– Салада істеп жатқаныңызға қанша уақыт болды?

– Салада жұмыс істеп жатқаныма қазір тоғыз жылдан асты. Талай халықтың алғысын алған мағыналы уақыттар дер едім. Жалпы мамандығым мақтанышым.

– Осы уақыт ішінде өрт сөндіру кезінде ерекше есте қалған оқиғалар бар ма?

– Әрине есте қалған оқиғалар көп ақ. Өйткені әрбір адамды құтқару ерлік. Өртеніп кеткен әр баспанада үлкен қасірет жатыр. Талай адамның көз жасы, жылдар бойы жинаған дүние мүлкінің бір сәтте күлге айналуы оңай емес. Сондықтан оның барлығын жүректен өткізе отырып, ауыр қабылдаймыз. Үй иелерімен бірге қиналамыз. Қыс ортасында далада қалған отбасылар бар, дымы қалмай жанып кетіп, үй иелерін әзер сақтап қалған жандар бар. Кез келген төтенше жағдай оғай емес. Біз кез келген сәтте алдымен адамдарды құтқаруға тырысамыз. Дүие мүлік, баспанасын сосын құтқарылатын нәрселер.

– Аймақта жыл басынан бері қанша өрт оқиғасы тіркелді? Азаюы байқала ма, жоқ әлде көбейіп келе ме?

– Аймағымызда жыл басынан бері 102 өрт оқиғасы тіркелген. Алдыңғы жылдарға қарағанда өрт оқиғаларының көрсеткіші азайып келе жатқаны қуантады. Біз өртті сөндіріп қана қоймаймыз. Сонымен қаттар өрттің алдын алу, жеке тұрғын үйлерді аралап тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын жүргізу де біздің қызметімізге енеді. Осындай алдын алу шараларының берген нәтижесі ау өрт оқиғаларының азайып келе жатқанына қуанамыз.

– Өрт оқиғаларының, иіс тию секілді қайғылы жағдайлардың көбеюінің себебін неден іздеуге болады?

– Иіс тию оқиғаларының көбеюіне өрт қауіпсіздігі ережесін сақтамау әсер етеді. Көбінесе пештің қасында жанғыш заттардың болуы, ағаш кептіріп қоюы немесе аяқ киімнің жайылып тұруы секілді жағдайлар олардың тұтанып, өрттің таралуына, түтіндеуіне әкеліп соғады. Ал оның соңы иіс тиюге ұласып, қайғылы жағдайлармен аяқталып жатады. Сондықтан пештің жан жағына заттарды тыққыштаудың қажеті жоқ. Электр құрылғыларының дұрыс жалғанбауы, пештің уақытылы тазармауы да қайғылы жағдайлардың негізгі себебі. Сондықтан тұрғындар осындай жағдайларға мән берсе екен.

– Саланың техникамен жарақтануы қалай? Көңілден шыға ма? Өздеріңізге жасалып жатқан жағдайға ше? Жалақыларыңызды көбейту туралы Президент өз ауызмен айтып еді. Көбейген мөлшеріне көңіліңіз тола ма?

– Саламыздың техникамен жарақтану жағдайына көңіліміз толады. Өрт техникаларымыз да, құрал жабдықтарымыз да жаңа. Салаға жасалып жатқан жағдай жақсарып келеді. Жалақымыз да көтеріліп, жаңа формамен қамтылып жатқанымызға да қуанып қалдық. Ендігі жерде пәтермен қамту мәселесін шешсе тіпті жақсы болар еді.

– Халыққа төтенше жағдайға орай қандай кеңес берер едіңіз?

– Үлкен өтініш десек те болады, аяз, боранды күндері алыс жолға шығудан бас тартса екен. Ауа райының қолайсыздығына орай құтқару қызметінен алдын ала хабарлама келеді. Әйтсе де тұрғындар әлі күнге сол сақтандыруға көңіл бөлмей келеді. Жолға шығар болса, май шам, сіріңке, жылы киім, жылы орағыштарын ала шықса екен. Боранды күні жолда тұрып қалған жағдайда адамдарды құтқару өте қиын. Сосын пеш жағар кезде айналасын толтырып қоюдан сақтанса екен. Пештің мұржаларын да уақытылы тазалап отыру керек. Сосын қазір көп тұрғындар ұзақ уақыт жанатын пешке үйір болып алды. Солардың мұржаларын шатырдан аулақтау шығарса екен. Олар да қазір өрт қауіпсіздігі ережесін бұзатын бір себеп болып отыр.

– Еңбегіңіз еленіп марапатталған кезіңіз болды ма?

–Өрт сөндіруші, құтқарушы мамандығым бұл менің тікелей міндетім. Марапат үшін қызмет етіп жатқан жоқпыз. Халыққа тікелей пайдам тиіп, міндетімді адал атқара алсам болғаны.

– Төтенше жағдайды, өрт оқиғаларын азайту үшін не істеуіміз керек?

– Ең алдымен өрт қауіпсіздігі ережесін мұқият сақтауды үйренсе екен. Қатер аяқ астынан емес. Тұрғындар өздері сондай төтенше жағдайдың туындауына ықпал етеді. Электр құрылғыларын шамадан тыс қолданып, күш түсірмесе екен, көмірқышқыл газының деңгейін анықтайтын датчиктер орнатып, өрттің алдын алып отырса екен деймін. Сосын өрт шыққан жағдайда өзіміз өшіреміз деп те уақыт жоғалтып жатады. Сондықтан дер кезінде өрт сөндіру қызметіне хабарласып отырса дұрыс болар еді.

Әңгімелескен Қуаныш Ермекова

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар