Экономист: халық жан ұшырғанда ақша жымқырып, пайда табу - басынғандық

Сағыныш Сардарова 29 сәу. 2024 13:49 1677

Экономист сарапшы Жанкелді Шымшықов қазіргі төтенше жағдайдың экономикалық салдары қандай болатынын айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Сарапшының сөзінше, су апаты адам шығынан бастап материалдық шығынға дейін ұшыратып отыр.

"Ең бірінші кезекте адам шығыны. Онға тарта шығын болды. Екінші жануарлар дүниесінен төрт-түлік мал көп шығын болды. Ең бірінші кезекте жылқы малы көп қырылды. Ірі қара мал кетті, ұсақ қара мал - қой, ешкі ол да кетті. Олардың санын атау оңай емес. Әрбір өңірде, әрбір ауданда өз есебі болуға тиісті. Құсты қосқан жоқпыз, талай тауық, үйрек ол да кетті. Қаншама үйді су шайып кетті?! Жарамсыз қалған, құлап қалған үйлер бар. Қаншама жолдарды жуып кетті?!

...Жалпы біздің барып тұрған сорақылығымыз - статистиканың өтірік болуы. Айтудан шаршадым. Осы өтірік статистикадан біз күйрейміз, осыдан құримыз. Өйткені ауруын жасырған өледі. Бүгін бе, ертең бе, бәрібір өледі. Жасырып, не керек?! Біздің сатқын статистика, бәрін бүлдіріп отырған - солар", - деді ол "Қасқа жолға" сұхбатында.

Сондай-ақ, Жанкелді Шымшықов бұл ретте қарапайым халықтың банктерге қарызы еселеп көбейіп бара жатқанын жеткізді.

"Қазір халықтың алған кредиті, банктерге қарызы 7 триллионнан асып жығылады. Жылына әр адам орта есеппен 1 миллион 100 мың теңге жұмсайды. Мұндай көрсеткіш Алматы сияқты қалада 1,5 миллион деп соңғы дерек келіп отыр", - деді сарапшы.

Экономист төтенше жағдай кезінде мемлекет бөлген ақша әділ бөлінуі үшін ашық комиссия керек деген пікірде. 

"Бірінші күннен бастап төтенше жағдайға байланысты мемлекеттік қоғамдық комиссия құрылуы керек еді. Өйткені жасырын емес. Әбден құныққан билік тағы да қолын салып, бюджеттен тыс бөлінген қаражатты ұрлап жатқаны белгілі болды. 1 миллиард ұрланып кетіп, ...қазір іс жүргізіп жатыр. Бұл не деген масқара?! Биліктің әбден іріп-шіріп кеткенінің белгісі, халық қиналып, жан ұшырып жатқан уақытында пайда табу ұрлығын одан сайын өршіту - әбден халықты басынғандық. Әрбір тиынды есептеу керек, әрбір тиынның қай бағытта жұмсалатынын қадағалау керек, бақылау керек. Сол үшін есеп беруді қамтамасыз ету керек", - деді Шымшықов "Қасқа жолға" сұхбатында.

Ол төтенше жағдай кезінде халық қиналғандарға өздері ақша жинауы қаншалық дұрыс екенін де айтты.

"Үкіметтік тұрғыдан алсақ, ешқандай қисыны жоқ нәрсе. Әр мемлекеттің бюджеті болады. Бюджетте шығыны, түсімі белгілі баланс болады. Онда міндетті түрде төтенше жағдайларда жұмсалатын қаржы резервтері салынады. Ол - ғасырлар бойы қалыптасқан тәжірибе. Кез келген мемлекеттің тиісуге болмайтын қоры болады. Төтенше жағдайларда сақталған қорлар ашылуы керек. Одан бөлінуі керек. Қажеттің бәрін мемлекет қамтамасыз етуі керек. Бірақ адамгершілік тұрғысынан біздің халқымыз қайырымдылық, мейірімділік арқасында тірі қалған. Өкінішке қарай, соның тарихын тілмен, мәдениетімен бойына сіңірген адамдар билікте жоқ. Билікте тек үстірт білім алғандар, орыс білім, еуропалық білім, басқа білім алған. Іштей біздің мың өліп, мың тірілген психологиямызды түсінбейтін адамдар билікте отыр. Бұл - халқымыздың өте үлкен трагедиясы", - деді ол.

Айта кетейік, Қазақстанның бірқатар өңірінде су тасқыны болды. Мыңдаған адам үйінен айрылды. 

Кейінгі деректерге сүйенсек, 37 мыңнан аса адам үйіне оралды. Ал 6 мыңнан аса там адам эвакуациялау пункттерінде орналасқан.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар