Жаңа мерекелер: қазақстандықтар қандай даталарды енгізуді ұсынып жатыр?

Айым Нұрқалиева 26 ақп. 2024 09:10 4038

Соңғы бірнеше жылда Қазақстанда жаңа мерекелерді енгізу туралы бірнеше рет бастама көтерілді. Депутаттар, министрліктер мен қоғам белсенділері өз ұсыныстарын айтуда. Қоғам Қазақстанда қандай даталарды тойлауды ұсынып жатыр, шолып көрсек.

Ұлттық киім күні. Бұл бастаманы Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев көтерді. Халық қалаулысы Қазақстанның ұлттық киімін дәріптеу мақсатында Үкіметке Ұлттық киім күнін республикалық деңгейде бекіту қажеттігін жеткізді. Мәжілісменнің сөзіне қарағанда, дәстүрлі киім қазақстандықтардың ұлттық кодын тамаша айшықтайды. Ол өзінің әріптестерін Мәжілісте ұлттық киім элементтерін жиі киюге шақырды. Алдағы уақытта тек Наурыз мерекесі мен тақырыптық шаралармен шектеліп қалмай, ұлттық киім кию дәстүрін үрдіске айналдыру қажет.

Депутаттың ұсынысы 2024 жылдың 21 ақпанында жасалған. Әзірге үкіметтен жауап болған жоқ.

Жаңа жылдың орнына әз-Наурыз (көктемдегі жаңа жыл) мерекесін жоғары деңгейде тойлау да соңғы жылдары жиі айтылып жатыр. Мұны Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та қолдайтынын білдірді. «...Бір жағынан, Жаңа жыл мен үшін қастерлі мереке емес. Оның үстіне, өзіміздің төл жаңа жылымыз – әз-Наурызды естен шығармаған жөн. Бұл мейрам – тіршілікті түлете келетін нағыз табиғи жыл басы», – деді Мемлекет басшысы. Ол Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы екенін атап өтіп, төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек екенін түсіндірді. «Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін», – дегенді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Сенат депутаты Әли Бектаевтың Наурыз мерекесін Жаңа жыл мерекесімен салыстырғаны бар. Оның мәліметінше, Жаңа жылды тойлау күрделеніп, отбасылық мерекеден «материалдық» шараға айналған. Депутат Қазақстанда Жаңа жылды тойлаудың ерекше әлеуметтік-идеологиялық дәстүрін қалыптастыру қажеттігін жеткізді. Ол елімізде Наурыз мейрамын тойлаудың ұлттық тұжырымдамасын қабылдау қажет деп есептейді.

Сенатордың сауалы Үкімет басшысына қаңтар айында жіберілген болатын. Бұған Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жауап берді. Вице-премьер депутат көтерген мәселені өзекті деп санайды. Тиісті тапсырма Мәдениет және ақпарат министріне берілген көрінеді.

«Ағымдағы жылдың наурыз айында ұйымдастырылатын негізгі іс-шаралар азаматтардың рухани тәрбиесін арттыруға, қазақ жеріндегі татулық пен достықты нығайтуға, ұлттық бірегейлік пен келісімді сақтауға, отбасылық құндылықтарды насихаттауға, қоршаған ортаны, табиғатты құрметтеуге, адамгершілікке тәрбиелеуге бағытталған. Қоғамда Наурыз мейрамын тойлау мәдениеті жаңаша қалыптаса бастайды. Өз кезегінде Мәдениет және ақпарат министрлігі Наурыз мейрамын тойлау бойынша іс-шаралар жоспарын әзірлеуде», – делінген хабарламада.

Сапа күні. Бұл мерекенің пайда болуына Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті бастамашы болды. Мерекені қарашаның екінші бейсенбісінде атап өту ұсынылды. Сапа күнінде дүние жүзіндегі компаниялар бизнес-семинарлар, презентациялар сияқты түрлі шараларға қатысады, қызметкерлерге арналған викториналар мен конкурстар өткізеді, жеңімпаздарды атап өтеді.

Дүниежүзілік сапа күні 1989 жылы Еуропалық сапа ұйымы, АҚШ және Жапония бастамасымен жыл сайын қарашаның екінші бейсенбісінде белгіленеді. Оны алғаш рет 1990 жылы БҰҰ сапаның табысты дамуға қол жеткізудегі маңызды рөлі туралы халықаралық хабардарлықты арттыру мақсатында жариялады.

Алайда, Сапа күні қазіргі уақытта Қазақстанда бекітілген мереке күндерінің тізімінде жоқ.

Мемлекеттік қызмет қызметкерлерінің күні. Бұл кәсіби мерекені енгізу туралы бастаманы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 2023 жылдың ақпанында көтерген болатын. Мақсат – мемлекеттік қызмет көрсету саласының қызметкерлерін қолдау. Министрліктің мәліметінше, олардың жалпы саны 20 мыңнан астам адамды құрайды. 15 сәуірде Мемлекеттік қызмет көрсету саласы қызметкерлері күнін атап өту ұсынылды.

Қазіргі уақытта мереке күндерінің бекітілген тізбесіне Мемлекеттік қызмет көрсетушілер күні кірмейді.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерінің күні. 2022 жылдың шілдесінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 16 сәуірді Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлері күнін енгізу туралы қаулы жобасын дайындады. Ұсынысқа қатысты түсіндірме жазбада тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының қызметкерлері ел тұрғындарын тәулік бойы жылумен, электрмен, сумен қамтамасыз етіп, көше тазалығын қадағалап, сонымен қатар еліміздің тұрғын үй қорын басқарып, күтіп-баптап, сол арқылы жағдай туғызатыны атап өтілген. Олар барлық азаматтар үшін қолайлы және жайлы өмір сүру үшін барын салып, еңбек етеді.

Сондай-ақ ведомство бұған дейін Кеңес Одағы кезінде Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерінің күні дәстүрлі түрде шілде айының төртінші жексенбісінде аталып өтетінін еске салады. Одақ ыдырағаннан кейін бұл мереке Ресейде, Белоруссияда, Украинада және Өзбекстанда сақталып қалған. Қазіргі уақытта бекітілген мерекелер тізімінде жоқ.

Алаш қайраткерлерінің күні. 2022 жылдың желтоқсан айында Мәжіліс Алаш күнін жыл сайын 12 желтоқсанда мемлекеттік деңгейде атап өтуді ұсынған болатын. Ұсыныс Алаш Орда қайраткерлерінің рөлін ерекше атап өту қажеттілігінен туындап отыр. Бұл ұсынысқа экс-премьер-министр Әлихан Смайылов бұл мәселе саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссияның қарауына ұсынылатынын айтты. Алаш күні қазір бекітілген мерекелер тізімінде жоқ.

Спорт жаттықтырушысы күні. Бұл ұсынысты «Қазақстандық спортшылар одағы» қауымдастығы жасады. Ұйым қазіргі уақытта мереке бейресми түрде 30 қазанда тойланып жатқанын, бірақ кәсіподақ 7 сәуірде - көрнекті спортшы Қажымұқан Мұңайтпасовтың туған күнін жаттықтырушылар күні ретінде атап өтуді ұсынып отырғанын мәлімдеді.

Қазіргі уақытта бекітілген мерекелер тізімінде жоқ.

Айта кетейік, Қазақстанда мерекелер ұлттық, мемлекеттік, кәсіби және басқаларға бөлінеді:

- ұлттық мерекелер – Қазақстан мемлекеттiлiгiнiң дамуына ерекше әсер еткен тарихи маңызы бар оқиғаларды атап өту үшiн Қазақстан Республикасында белгiленген мерекелер. Ұлттық мерекелерді тойлау орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда ресми іс-шаралармен (жалғыз ұлттық мереке – 25 қазанда атап өтілетін Республика күні) бірге жүреді;

- мемлекеттік мерекелер – қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары дәстүрлі түрде атап өтетін мерекелер. Мемлекеттік мерекелерді тойлау ресми іс-шаралармен қатар жүруі мүмкін;

- кәсіби және өзге де мерекелер – ұлттық және мемлекеттік мереке мәртебесі берілмеген, азаматтардың жекелеген санаттары тойлайтын мерекелер.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар