Жетісу колледждерінде 17 жаңа мамандық ашылады

Нұрлан Жұмахан 17 сәу. 2024 11:38 1366

Жетісу облысының колледждерінде биылғы оқу жылында он жеті жаңа мамандық ашылуда, бұл өңірдегі сұранысы бар кадрлардың тапшылығын шешуге ықпал етпек, – деп хабарлайды Dalanews.kz Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жетісу облыстық Білім басқармасының мәліметінше, 2023-2024 оқу жылында өңірде 13 колледжде 17 жаңа мамандық ашу жоспарлануда, оның 14-іне лицензия алынды.

– Биыл Талдықорған қаласының бірқатар колледждерінде, сондай-ақ Көксу, Алакөл, Ақсу, Сарқан, Панфилов аудандары мен Текелі қаласының оқу орындарында жаңа мамандықтар ашылып жатыр.

Атап айтқанда, «Қант өндірісі», «Ғимараттарды жобалау мен пайдаланудың автоматтандырылған жүйелері», «Графикалық дизайн», «Сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін тазарту қондырғыларын пайдалану», «Ландшафты дизайн», «Төтенше жағдайларды қорғау», «Зертханалық диагностика», «Бау-бақша шаруашылығы», «Құрылыс және автомобиль жолдары мен әуе айлақтарын пайдалану», «Орман шаруашылығы», «Туризм», «Ветеринария», «Киім дизайны», «Логопедия» және басқалары бар, – деп атап өтті басқарма мамандары.

Алдағы 5 жылда өңірде сүт, балық өндірісі, тау-кен металлургиясы, туризм салаларында бірқатар өндірістік объектілер мен кәсіпорындардың құрылысы жоспарланғандықтан, 2024-2025 оқу жылында өңірдің 11 колледжінде тағы 14 жаңа мамандық ашу көзделген.

Соның арқасында өңірде техник-геологтарды, техник-маркшейдерлерді, ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторларын, мал шаруашылығы шеберлерін, мал шаруашылығы кешендері мен механикаландырылған фермалардың операторларын, кран машинистерін оқыту мен даярлауға мүмкіндік туады.

Өңір экономикасын дамыту үшін «Газбен жабдықтау құралдары мен жүйелерін монтаждау және пайдалану», «Слесарь ісі» (түрлі салалар мен түрлер бойынша), «Автомобиль көлігіне техникалық қызмет көрсету, жөндеу және пайдалану», «Туризм» және «Сәулет», сондай-ақ «Балық аулау шаруашылығы», «Жылыжай шаруашылығын ұйымдастыру» және т. б. мамандықтарға ерекше назар аударылатын болады.

Айта кетейік, бүгінде Жетісу облысында 27 колледж бар, оның 21-і  мемлекеттік және 6-уы жекеменшік, оларда 70 мамандық және 113 біліктілік бойынша 13 964 студент оқиды.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x