Каспий жағалауында табылған өлі итбалықтар саны күрт артты

Көркем Алдабергенова 18 сәу. 2026 10:01

Каспий теңізі жағалауында табылған өлі итбалықтар саны 97-ден 191-ге дейін өсті,деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті хабарлады.

Ведомство мәліметінше, 2026 жылғы 17 сәуір сағат 17:00-дегі жағдай бойынша Маңғыстау облысының Түпқараған ауданы аумағындағы Каспий теңізі жағалауынан қатты шіріген (ыдыраудың 2–4 кезеңі) 191 итбалықтың өлексесі анықталған. Бұл дерек аудандық ішкі істер бөліміне тіркелген.

Сонымен қатар, каспий итбалығын зерттеумен айналысатын ғылыми ұйым – Гидробиология және экология институты оқиға орнында өлекселерді ашып, мүмкін болған үлгілерден сынама алған. Ал Маңғыстау облысы бойынша экология департаменті су мен топырақтан сынама жинаған.

Алайда өлекселердің қатты ыдырауына байланысты Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің мамандары жұқпалы ауруларды анықтау үшін патологиялық материалдардан сынама ала алмаған.

Қазіргі уақытта Каспий теңізі жағалауын бақылау жалғасып жатыр. Жергілікті атқарушы органдар, балық шаруашылығы инспекциясы және басқа да мекемелердің қызметкерлері өлекселерді жинап, санитарлық талаптарға сай жойған.

Мамандардың айтуынша, көпжылдық зерттеулерге сүйенсек, итбалықтардың қырылуына иммунитеттің әлсіреуі және ағзаның жалпы төзімділігінің төмендеуі себеп болуы мүмкін. Бұл өз кезегінде жануарлардың жұқпалы ауруларға бейімділігін арттырады.

Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысында Каспий жағалауына жүзге жуық өлі итбалықтың шығарылғаны хабарланған еді. Мамандар мұны қатты батыс желімен байланыстырған. Оқиғаның себептерін анықтау және салдарын жою үшін ведомствоаралық жұмыс тобы құрылған. Оқиға орнына экологтар, ветеринарлық қызмет өкілдері, полиция және ғылыми ұйымдардың мамандары барған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove