Қазақстанда азаматтарға алкогольдік, есірткілік немесе уытты заттарға масаңдықты анықтау үшін жеке зертханаларға жүгінуге мүмкіндік беру ұсынылып отыр. Бұл бастаманы Сенат депутаты Жанна Асанова көтерді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қазіргі таңда мұндай медициналық тексеру тек мемлекеттік мекемелерде жүргізіледі. Депутаттың айтуынша, бұл жүйе орталықтандырылған, мекемелерге салмақ түсіреді және тексеру нәтижелеріне деген сенімді төмендетуі мүмкін.
Осыған байланысты сенатор жеке зертханаларды арнайы тізілімге енгізіп, оларды аккредиттеу және олардың қорытындыларын ресми түрде тану тетігін бекітуді ұсынды. Сондай-ақ азаматтарға қайта тексеруден өтетін орынды өздері таңдауға мүмкіндік беру, бұл ретте бюджетке қосымша шығын түсірмеу қажет екенін атап өтті.
Сенатордың пікірінше, бұл өзгеріс медициналық куәландыру жүйесін ашық әрі қолжетімді ете түседі.
