"Назарбаевтың атына берілген көшелерді Қаңтар деп өзгерту қажет" - қаңтар құрбандарының туыстары

Көркем Алдабергенова 04 мам. 2024 14:27 2474

Республиканың бірнеше аймағында Қаңтар оқиғасы кезінде жақындары қаза болған бір топ адам 3 мамырда Алматыдағы "Тағзым мемориалының" алдына жиналды. Олар суретші Асхат Ахмедияровтың Қаңтар оқиғасына арналған “JAD” көрмесіне қатысу үшін әр қаладан келген. Көрмеге келген адамдар марқұм туыстарын ақтауды, арнайы мәртебе беруді талап етті. Бұған қоса, Назарбаевтың атына берілген көшелерді Қаңтар деп өзгерту қажеттігін алға тартты, - деп хабарлайды Dalanews.kz "Азаттыққа" сілтеп. 

Тараздан келген Бақытжан Шыңғысбеков "бекерден-бекер сотталып жатқан балалар ақталса екен" дейді.

"Кейбір балалар ақталды. Ал оларды атқандар неге жазаға тартылмайды? Олар ана дүниеде болса да жауап береді. Неге қарапайым халық қана жылап, қарапайым халық өле беруі керек", - дейді Шыңғысбеков. 

Олар билік тарапынан бұрын кедегі болғанын, қазір жиналуларына ешкім кедергі жасамағанын айтты. Мемориал маңында полиция да, билік өкілдері де болған жоқ.

"Қаңтар ешқашан ұмтылмайды. Балаларымыз террорист емес. Біздің балаларымыз билікке, үкіметке мұңын айту үшін шыққан болатын. Кілең жас балалар. Қаншама көп балалы аналар балаларынан, отбасын асыраушысынан айырылды. Балаларымызға тағылған айыпты алып тастап, мәртебе берсін деп талап етеміз. Қанды Қаңтар кезінде қаза болған балаларымызға "Қаһарман" мәртебесі берілсін! Назарбаев көшесі Қаңтар деп аталсын! Балаларымызды атқан адамдар жазаланса дейміз", - деді Қызылордадан келген Бибигүл Алишева.

1 мамырда Алматыда 2022 жылғы қанды Қаңтар оқиғасына арналған суретші Асхат Ахмедияровтың "JAD" көрмесі ашылған. Он күнге созылатын көрмеге Қаңтар оқиғасына қатысты 11 композиция қойылған. Оның ішінде қаралы оқиға кезінде түсірілген фотолар, үтік, полиция таяғы, медицина қызметкерінің киімі бар.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар