Мәжіліс отырысында Өскемендегі ауа сапасы мәселесі көтерілді. Депутат Марат Башимовтың айтуынша, қалада тыныс алудың өзі қауіпті деңгейге жеткен, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның мәліметінше, қаңтар айында ауадағы күкіртсутек пен күкірт диоксидінің мөлшері рұқсат етілген нормадан 3,6 есе асып кеткен. Депутат бұл жағдайды маусымдық құбылыс емес, ұзақ уақыттан бері жалғасып келе жатқан жүйелі ластану деп бағалады.
Башимовтың сөзінше, қала тұрғындары күн сайын ластанған ауамен тыныстауға мәжбүр, алайда олар тиісті өтемақы да, мемлекет тарапынан жүйелі қолдау да алмай отыр. Қазіргі шаралар көбіне "далаға сирек шығу" сияқты ұсынымдармен ғана шектеліп отырғанын айтты.
Депутат экологиялық жағдайды жақсарту үшін шұғыл әрі нақты шаралар қабылдауды талап етті.
