Қазақстанға вице-президент не үшін қажет? Депутат түсіндірді

Көркем Алдабергенова 04 ақп. 2026 11:25

Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров Қазақстанда вице-президент институтын енгізудің маңызын түсіндіріп, бұл бастама конституциялық реформаның негізгі элементтерінің бірі екенін айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, вице-президент лауазымын енгізу арқылы президенттік биліктің бір бөлігі тағы бір саяси тұлғамен бөлісіледі.

«Бұл – осы конституциялық реформаны қолдайтын адам. Президент саяси институт ретінде өз өкілеттігінің бір бөлігін тағы бір саяси тұлғамен бөліседі. Саяси лексикада бұл – саяси диверсификация», – деді депутат.

Ерлан Саировтың айтуынша, мұндай модель саяси шешімдерді бір адамның емес, ұжымдық форматта қабылдауға жол ашады.

«Яғни саяси шешімдер қабылданатын кезде, ол шешімдер енді бір ғана тұлғадан шықпайды, олар ұжымдық шешімге айналады. Бұл – біріншісі», – деді ол.

Депутат екінші маңызды себеп ретінде қазіргі геосаяси жағдайды атады. Оның пікірінше, халықаралық ахуал күн сайын күрделеніп бара жатқан кезеңде сыртқы саясатта икемді тәсілдер қажет.

«Бүгін геосаяси жағдай күн сайын күрделеніп, ушығып келеді. Сондықтан басқа мемлекеттермен диалогта челноч дипломатиясының әдістемесі қажет. Яғни ірі державалармен және өзге елдермен қарым-қатынастың жекелеген тұстарын реттеп отыратын адам керек», – деді Саиров.

Оның айтуынша, вице-президент президентпен тең дәрежеде елдің ішкі және сыртқы саясатын айқындауға қатысып, мемлекет басшысына оның саясатын жүзеге асыруда көмек көрсетеді.

«Бұл – президентпен қатар ішкі және сыртқы саясатты айқындайтын, президентке өз саясатын жүргізуде көмектесетін саяси тұлға. Қазіргі өте күрделі геосаяси кезеңде бұл аса маңызды әрі қажет», – деп түйіндеді депутат.

1993 жылдағы тәжірибе қайталана ма?

Сұраққа жауап бере отырып, Ерлан Саиров 1993 жылғы тәжірибемен салыстырудың орынсыз екенін айтты. Ол жаңа Конституция жобасында негізгі тетіктердің түбегейлі өзгергенін атап өтті.

«Біз бір ақиқатты түсінуіміз керек. Жаңа ұсынылып отырған Конституция редакциясында кез келген өзгеріс тек бүкілхалықтық референдум арқылы ғана енгізілетіні жазылған», – деді ол.

Депутаттың сөзінше, бұл норма қабылданған жағдайда Конституцияны кейін оңай өзгерту мүмкін болмайды.

«Яғни осы Конституция қабылданғаннан кейін оған қандай да бір өзгеріс енгізу іс жүзінде мүмкін болмайды», – деді Ерлан Саиров.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove