"Қызметке қоятын Назарбаев емеспін". Даулы ток-шоу жүргізушісі танымал депутаттың інісі болып шықты

Сағыныш Сардарова 20 нау. 2024 12:42 3804

Әлеуметтік желі мен бұқаралық ақпарат құралдарын шулатқан ток-шоу жүргізушісінің бірі танымал депутат Мақсат Толықбайдың інісі әрі ол да депутат екені туралы ақпарат тарап кеткен еді. Мәжілісте Мақсат Толықбай бұл жайтты қалай қабылдағанын айтып, пікір білдірді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Әртүрлі пікір айтыла береді. Біріншіден, ол бірдеңені бүлдіріп қоятындай мектептегі оқушы емес, ол - үш баланың әкесі. Ол өзінің тірлігіне, іс-әрекетіне өзі жауап береді. Журналист ретінде пікірімді білдіргіңіз келсе, әрине, мен қарсымын. Тақырып таңдаудан бастап, бәрі дұрыс болған жоқ. Жүргізуші дайын сценарийді оқи салды деп айтуға да болмайды, тәжірибе аз шығар. Бұл жерде редакторлардың кінәсі бар. Сондықтан министрліктің бұл бағдарламаны жапқан ұстанымын қолдаймын. Өйткені әр комитет сайын қызыл кеңірдек болып жатырмыз. "Қалаулым",QosLike сияқты бағдарламаларды мүлдем жабу керек. Осы үшін күресіп келе жатырмыз. Заң нормасына өзгеріс енгізе алсақ, біз үшін жеңіс болады. 

Ал енді екінші сұрақ. Ол - Мәслихат депутаты. Ол партияның атынан түскен жоқ. Жергілікті тұрғындар өзі ұсынды. Бағдарламаға кім шақырғанын білмеймін. Мен қазір біреуді қызметке қоя алатындай, туған туыстарымды жұмысқа қоя алатындай бұрынғы Назарбаев сияқты емеспін, ондай құзыретім жоқ. Бар болса да қолданбас едім. Сондықтан әркім өз тірлігі үшін өзі жауап береді. Өзім жеке сөйлесіп айттым. Өздерінің қатесі, өздері жауап беруі керек", - деді Мақсат Толықбай.

Оқиғаға бес күн өткеннен кейін "Қорғау Астана" дағдарыс орталығы әлеуметтік желіде видео жариялаған еді. Орталық жетекшісі Анна Рыль "Бірақ..." ток-шоуына қатысқан Гүлмира мықты әйел екенін, күнде жұмысына барып жүргенін жеткізді. Оның сөзінше, қазір әйел балаларымен бірге орталықта. 

"Бес күн өтті, көп адам жазып жатыр, біреуі қолдап жатыр, біреуі актер деп жатыр, көп адам Гүлмира қалай және қайда екенін сұрайды. Сондықтан кішігірім видео түсіруді ұйғардық.
Айта кету керек, алғашқы екі күнде бәріміз эмоционалды түрде сынып қалдық, одан кейінгі екі күнде көп жұмыс істелді. Гүлмира психологпен осы жағдайға қатысты жұмыс істеді, сонымен қатар, жұмысына да барып жүрді. Ол өте жауапты, қандай жағдай болса да солдат сияқты жұмысқа барады. Осы бес күн ішінде бізге 4 әйел мен 6 бала келді, олар да көмек алады, олармен де мамандар жұмыс істейді", - деді ол.

Сондай-ақ, қор жетекшісі мен Гүлмира өздерін қолдаған жандарға алғысын жеткізді.

"Барлығы жақсы. Күйзеліске түстім. Енді жақсы болып келе жатырмын. Мені қолдап жатқан адамдарға рақмет. ...Қатты күйзелдім", - дейді видеода Гүлмира.

Айта кетейік, желіде тарап кеткен кадрларда "Бірақ..." бағдарламасының жүргізушісі эфирге келген қонақтан "күйеуіңіз ұруға себеп бола ма?" деп сұрайды. Жүргізуші тарапынан қойылған бұл сұрақ та қоғамда сынға ұшырады. Одан бөлек әйелдің күйеуі оның рұқсатынсыз, келісімінсіз эфирге шақырылғаны айтылды.

Сонымен қатар, бұған дейін "Хабар Агенттігі" АҚ басқарма төрағасы Кемелбек Қойшыбаев осы жағдайға қатысты халық пен эфир қонағынан кешірім сұрады.

"Дәл бүгін қатысқан кейіпкерлерден де, көрерменнен де сұраған кешірімімізді қабыл алыңыздар. Өз алдына қонағымыз болып келген Гүлмира Смайлова мен "Қорғау-Астана" кризистік орталығының ұжымынан жеке кешірім сұраймыз", - деді ол.

Артынша "Хабар" телеарнасында эфирге шыққанына екі күн болған ток-шоу қоғамдық резонанстан соң жабылатын болды. 

Мәселеге мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның өзі де араласты.

"Телеарна редакциясына бұл үлкен сабақ болады деп санаймыз. Аталған ток-шоу жабылады", - деді министр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар