Мәжіліс депутаты Самат Нұртаза білім беру мекемелеріндегі қауіпсіздік жайы туралы айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Премьер-министрдің орынбасары - мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваға сауал жолдаған депутаттың пікірінше, білім беру мекемелеріндегі, әсіресе, балабақшалар мен мектептердегі күзет баса бақылауды талап етеді.
"Көп жағдайда мұндай функциялар формальды сипатта ғана, ал іс жүзінде оны көбіне зейнет жасындағы адамдар атқарып жүр. Мұндай жағдай көбіне жалақы төмендігінен туындап отыр. Соның салдарынан бұл жұмысқа білікті мамандарды тарту қиын", - деді Мәжіліс депутаты.
Самат Нұртаза Алматыда тіркелген жантүршігерлік деректі баяндады.
"Соның бір мысалы ретінде жақында Алматы қаласындағы университеттердің бірінде болған сұмдық жағдайды айтсақ болады. Студент оқу орнына пышақ алып кіріп, оқытушыны жарақаттаған. Биыл білім беру мекемелеріне жасалғалы жатқан "шабуылдар", қастандықтар туралы жалған ақпараттар мен қауесеттердің бірнеше рет тарағаны да алаңдатады. Мұндай хабарламалар әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдарында белсенді түрде жарияланып, ата-аналар, студенттер мен ұстаздар арасында жаппай үрей туғызды", - деді депутат Мәжіліс отырысында.
