Тоқаев қазақстандықтарға үндеу жолдады

Қаракөз Амантай 23 мар. 2026 12:50

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Тазару күніне" орай қазақстандықтарға үндеу жасап, ел аумағында "Таза Қазақстан" жалпыұлттық жобасының жаңа кезеңі басталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Бұл – Наурызнама онкүндігінде айрықша орын алатын күн. Қоғамымыздың жаңғыруы күллі табиғаттың жаңаруымен тұспа-тұс келіп отыр. Уақыт пен іргелі өзгерістердің осылай үндесуі баршамызға Отанымыздың игілігі жолында аянбай еңбек етуге айрықша күш-жігер беретіні сөзсіз.

Республика аумағында "Мөлдір бұлақ" бастамасын жаппай жүзеге асыру қолға алынды. Бұл жоба аясында бұлақтардың көзін ашып, тал егу, жағалаулар мен су айдындарын, аулалар мен саябақтарды тазалау жұмыстары жалғаса береді", - деді ол.

Президент жаңа қабылданған Халық Конституциясында азаматтардың табиғатқа қамқорлықпен қарауы ұлттық дүниетанымның негізгі қағидаты ретінде айқындалғанын атап өтті. 

"Жаңа Халық Конституциясы ел бірлігінің арқауы, рухани және құқықтық бағдарымыз әрі Тәуелсіздігіміздің мызғымас тұғыры болатыны күмәнсіз.

Ата заңымыз қоғамда дүниетанымымыз бен бітім-болмысымыздың өзегі саналатын ынтымақ, жауапты әрі жасампаз отаншылдық, сондай-ақ "Таза Қазақстан" құндылықтарын қалыптастырады", - деп қосты ол. 

Мемлекет басшысы "Таза Қазақстан" тұжырымдамасының мәні тек қоршаған ортаны таза ұстаумен шектелмейтінін айтты.

"Таза Қазақстан" идеологиялық тұжырымдамасының түпкі мәні көшелерді, аулаларды және айналамызды таза ұстаудан ғана емес, Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын арттыруға бастайтын ниет пен пейілдің тазалығынан көрініс табады. 

Отандастарымызды Тазару күнімен құттықтаймын!

Қазір табиғат игіліктерін ұқыпты пайдалану және саналы тұтыну жолын таңдаған азаматтарымыздың саны артып келеді. Бұл – жарқын болашағымызға кепіл болатын игі үрдіс.

Мен бүкіл халқымызды тазалық пен тәртіп эстафетасына белсене қатысуға шақырамын. 

Бәріміз күш біріктірсек, елімізді биік белестерге жетелеп, Әділетті, Таза, Өркендеген Қазақстанды құра аламыз.

Баршаңызға амандық және бақ-береке тілеймін!", - деп сөзін түйіндеді Тоқаев.


Рекомендовать
Последние новости
// Banner remove