Ұлытау облысында 4,8 млрд теңгеге марганец кенін заңсыз өндіру схемасы әшкереленді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қостанай облысының 50 жастағы тұрғыны 2020–2023 жылдар аралығында жер қойнауын пайдалануға лицензиясы мен келісімшарты болмағанына қарамастан "Шығыс Қаражал" кен орнында марганец кенін заңсыз өндірген. Сонымен қатар, қолма-қол ақшаға айналдыру және жалған мәмілелер жасасу арқылы пайдалы қазбаларды сатудан түскен қаражатты заңдастырған.
Бұл кезеңде 16 мың тоннадан аса кен жөнелтіліп, мемлекетке 1,3 млрд теңгеден аса залал келтірілген.
Күдікті өңделген темір-марганец кенін ел ішінде, шетелге сату арқылы 3,5 млрд теңгеден аса пайда тапқан.
Ұлытау облысы сотының үкімімен кінәлі адам 5 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айырылып, жер қойнауын пайдалану саласындағы қызметпен айналысу құқығынан 5 жыл мерзімге айырылды.
Мемлекет кірісіне 4,8 млрд теңге өндіріліп, қылмыстық жолмен келген қаражатқа сатып алынған 3 жеңіл көлік, 2 жүк көлігі тәркіленді. Сот үкімі заңды күшіне енді.
