2024 жылы жер сілкінісі болатынын білген қазақстандық ғалымның жұмысы Қытайда қызу талқыланып жатыр

Dalanews 26 қаң. 2024 06:12 4144

23 қаңтарда түнгі уақытта Алматыда болған жер сілкінісі жұртты дүр сілкіндірді. Табиғи зілзаладан әлі күнге дейін шошып жүргендер бар. Бір қызығы бұл жер сілкінісі болатыны туралы болжам бұған дейін болған екен. Ол жайдан жай туған болжам емес: бірнеше ай бойы жүргізілген зерттеу жұмысының нәтижесі. Зерттеу жұмысын қазақстандық жетекші ғылыми қызметкер Марат Нұртас бастаған топ жүргізген. Аталмыш зерттеу Алматы қаласындағы Ионосфера институтында жасалған.

Марат Нұртастың өзі институттың "Спутниктік және геодинамикалық зерттеулер зертханасы" меңгерушісі және университетте Machine Learning, Deep Learning бойынша сабақ береді. Massaget.kz Марат Нұртаспен сөйлесіп, 2024 жылы 6 балдық жер сілкінісі болатынын қалай анықтағаны туралы сұрастырған, - деп хабарлайды Dalanews.kz тілшісі.

Зерттеу мақаласы не жайлы? 

Марат Нұртас 1900 жылдан 2023 жылға дейінгі жер сілкінісіне қатысты деректерді жинаған. Одан кейін Алматыдағы сейсмология институтынан деректер алған. Осы деректер анализі бойынша статистикалық деректерді өңдеген. Оның өзіне 2-3 ай кеткен. Барлық дерек өңделіп, анализ жасалған.

"Бұрынғы зерттеудің дәстүрлі әдісіне шолу жасадық, артықшылығы мен кемшілігін көрсеттік. Біз таңдаған аймақты талдадық. 1923 жылдан бері 2023 жылға дейін, тура 100 жылдағы 6700 деректі алдық. Ол біздің территорияға ғана қатысты деректер. Ол деректердің ішінде 6 баллдан жоғары болған жағдайларды алдық. Зерттеу барысында бірнеше алгоритмді қолдандық.

Модельдеу жұмыстарынан кейін нақты нәтижеге өттік. Біз 100 жылдық деректердің бәрін талдау үшін оларды 20 жылдық интервалмен бөліп-бөліп қарастырдық және расында олардың арасында белгілі бір маусымдық заңдылық бар екенін анықтадық. Бұл өте қызық құбылыс болды", - дейді маман.

Нәтиже

Зерттеу жұмысы 2023 жылдың мамырында басталған.

"Сол кезде деректерді, модельдерді жасанды интеллектпен үйрету арқылы анықтаған кезде 2024 жылы жер сілкінісі болатыны анықталды. Енді оның қай жерде болатынын анықтау керек болды. Оны төмендегі суретте көрсеттік. Әрине, 100 пайыз деп айта алмаймыз, бірақ күні кеше Қазақстан, Қырғызстан, солтүстік Қытай шекарасында және Түркия, Владивосток пен батыс Африкада болады деп көрсеттік. Бұл сол кездегі болжам еді. Оны анықтаған кезде тіпті күлдік. Ғылыми қызметкерлер де күлді. Өзім 100 пайыз сенімді болмасам да жоққа шығарғым келмеді. Артынша зерттеу мақаласын жібердік", - дейді Марат Нұртас.


Нақты күнін анықтау мүмкін болды ма? 

Марат Нұртас Еуропа, Қытай, тіпті Жапонияның өзі жер сілкінісі нақты болатын уақытты көрсете алған жоқ екенін атап өтті.

"Мен де нақты күнін айтсам өтірік болады. Ол үшін жер астына түсіп, құбылыстарды зерттеу керек деп ойлаймын. Біз тек мына нәрсені көрсеттік: 2024 жылдан бастап "осы жерде" жер сілкінісі 6 балдан аса болуы мүмкін деп қызылмен белгіледік. Сонымен бітірдік. Біз ғылым адамымыз. Ертеңгі күні әр сөзімізге жауап береміз. Сондықтан зерттеу мақаламыздың соңында зерттеу статистикалық деректердің көмегімен, тарихи деректерді өңдеу арқылы жасалған болжам екенін атап өттік", - дейді маман.


Бір қызығы әуел баста мақала дайын болып, ғылыми журналға жарияланған кезде оны тек 30 шақты адам көрген. Жер сілкінісі болған түннен кейін мақаланың қаралымы өсіп, бүгінде 2197 адам жүктеп, оқып шыққан екен.

"Ғылыми журналда жарияланған біздің бұл зерттеу мақаламызды қытайлық сейсмологтар тауып алған. Бүгінде мақала Қытай елінде қызу талқыланып жатыр", - деп түйіндеді Марат Нұртас.  


Сурет: жеке архив

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар