2026 жылы теңгені не күтіп тұр? Сарапшы болжам жасады

Қаракөз Амантай 05 ақп. 2026 15:27

2026 жылға доллар бағамы 535 теңге төңірегінде болады деген болжам жарияланған соң, ұлттық валютаның болашағы тағы да қызу талқыға түсті. Бұл мәселеге Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Венера Жаналина пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, қазіргі жағдайда теңгенің күрт құнсыздануына алып келетін айқын экономикалық алғышарттар жоқ. Бағам белгілі бір деңгейде құбылуы мүмкін, тәуекелдер теңгенің біршама әлсіреуін көрсеткенімен, бұл нарыққа тән қалыпты қозғалыстар шеңберінде өтеді. Яғни валюталық құлдырау күтілмейді.

"Теңгенің әлсіреуіне әсер етуі мүмкін негізгі сыртқы факторлардың бірі – Brent маркалы мұнай бағасы. Болжам бойынша, 2026 жылы мұнайдың орташа бағасы барреліне шамамен 62–64 доллар болуы ықтимал. Бұл көрсеткіш 2025 жылғы орташа деңгейден (68–69 доллар) төмен, сәйкесінше экспорттық табыс пен ұлттық валютаға қысым түсіруі мүмкін", - дейді ол.

Ішкі факторлар қатарында бюджет саясаты, импорт көлемінің артуы және инфляциялық күтулер аталады. Ұлттық банк пен нарық қатысушыларының бағалауынша, биыл инфляция 9,5–11% аралығында сақталуы мүмкін. Бұл халықтың сатып алу қабілетіне және валюталық күтулерге әсер етпей қоймайды.

"Сонымен бірге теңгені қолдайтын маңызды тетік – қатаң ақша-кредит саясаты. Базалық мөлшерлеменің 18% деңгейінде сақталуы теңгелік активтердің тартымдылығын арттырып, капитал ағынын күшейтеді. Алайда инфляциялық қысым күшейіп, ішкі сұраныс өссе, бұл фактордың әсері әлсіреуі мүмкін", - дейді сарапшы.

Сарапшы Қазақстанда валюталық тұрақтылықты сақтайтын маңызды қорлар бар екенін атап өтті. Елдің алтын-валюта резервтері айтарлықтай көлемде, ал Ұлттық қор активтері сыртқы күйзелістерге қарсы қосымша қорғаныс қызметін атқарады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove