Абай облысындағы су есептегіш дауы немен аяқталды?

Самал Асқар 05 ақп. 2026 19:07

Жарма ауданын ауызсумен қамтамасыз ететін "Горводхоз" мемлекеттік бақылау талаптарын орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Dala News.

Мемлекеттік бақылау аясында жүргізілген тексеріс барысында су есептегіш құралдарының уақытылы тексерілмегені анықталған. Бұған дейін берілген заңды нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған.

Осыған байланысты уәкілетті орган "Горводхозға" қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 462-бабының 3-бөлігі бойынша хаттама толтырған. Аталған бап мемлекеттік бақылау органдарының заңды талаптарын елемегені үшін жауапкершілікті көздейді.

Абай облысы бойынша техникалық реттеу және метрология комитеті департаментінің мәліметінше, су есептегіштердің уақтылы тексерілуі су шығынын нақты есептеу, инженерлік желілердің жай-күйін бақылау және тұтынушылардың құқығын қорғау үшін аса маңызды. Тексерілмеген құралдар деректердің бұрмалануына және тұрғындардың мүддесіне нұқсан келтіруі мүмкін.

"Горводхоз" – тіршілікті қамтамасыз ететін нысан. Оның жұмысындағы кез келген олқылық тұрғындарға, әлеуметтік мекемелерге, ауыл шаруашылығы мен бизнеске тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл саладағы талаптардың орындалуы міндетті.

Істі қарау нәтижесінде сот Горводхозды кінәлі деп танып, 302 750 теңге көлемінде айыппұл салды.

Комитет төрағасының орынбасары Бауыржан Қасымовтың айтуынша, кәсіпкерлік кодексіне сәйкес берілген нұсқамалар міндетті түрде орындалуы тиіс, ал оларды орындамау заңмен жазаланады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove