Депутат жер сілкінісі туралы: "тұрғындар үйлердің терезесінен секіруге дейін барды"

Dalanews 24 қаң. 2024 06:14 549

Депутат Бақытжан Базарбек Алматыда болған жер сілкінісінен кейін еліміз төтенше жағдайға толық дайындалуы керек екенін айтты, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның сөзінше, айтып келмейтін апат болған соң, оның үстіне адам шығыны қаупі болғандықтан, әркез дайын болған жөн.

"Алматылықтар жер сілкінісі туралы хабарлама алмады. Тұрғындар басында әбігерге түсті. Бойын үрей билеген халық жапатармағай сыртқа ұмтылды. Тіпті көпқабатты үйлердің терезесінен секіруге дейін барды. Көліктерімен қала сыртына шығып кетпек болғандарда есеп жоқ. Оның соңы ұзынсонар кептеліске ұласты. Бұл – еліміздің ең үлкен қаласы, жан-жақты дамыған, инфрақұрылымы мықты Алматыдағы жағдай", - дейді депутат.


Сонымен қатар, Бақытжан Базарбек алда да қауіп болуы мүмкін екенін ескертті.

"Абырой болғанда, ғимараттар құламады, адам шығыны жоқ. Десе де, мұндай жағдайдың қайталанбасына кім кепіл?! Әсіресе, еліміздің таулы аймақтарында, жерасты қазынаны өндіріп жатқан өндірісті өңірлерде зілзала қаупі жоғары. Сондықтан, Төтенше жағдай министрлігі мен басқа да тиісті мекемелердің зілзаладан қорғану бойынша жұмыстарын мұқият қайта қараған жөн.

Фейк ақпараттарға сенгіш халықты қорқыныш биледі. Барлық жағдай да өтірік ақпарат тез тарап кететіні бар. Азаматтар тек ресми ақпаратты ала білуі қажет, әрбір тараған материалды жан-жақты тексеруіміз керек. Сол үшін бізде апатқа дайын болатындай мәдениет қалыптасуы тиіс", - деді ол.

Сурет: Бақытжан Базарбек/facebook.com

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар