Министр Бейсембаев жұмыстан қуды, қитұрқы пост жазғызды - танымал педагог

Сағыныш Сардарова 17 сәу. 2024 11:08 6197

"QAZBILIM GROUP" компаниясының басқарма төрағасы, ұлттық мектептер жобасы жетекшісі Аятжан Ахметжан оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың қудалауына ұшырағанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

2023 жылы Асхат Аймағамбетов министр лауазымынан босатылды. Шенеунік 2019 жылғы маусымнан бастап 2022 жылғы маусымға дейін білім және ғылым министрі қызметін атқарды. 2022 жылғы 11 маусымнан бастап оқу-ағарту министрі болып тағайындалды. Ол 4 жылға жуық уақытта "халықтың сүйікті министріне" айналды. Артынша бұл қызметке Ғани Бектайұлы Бейсембаев келді. Бұған дейін ол Ы.Алтынсарин атындағы ұлттық білім академиясының президенті қызметін атқарған еді.

Педагог Аятжан Ахметжан Бейсембаевтан айтарлықтай жаңалық күтпейтінін ашық айтты.

"Оқу-ағарту министрлігіне министр келгелі 1 жыл 4 ай болды. Бір орында тұр. Сөз, сөз, сөзбен келе жатыр. Мұғалімдердің де аттестациялау мәселесі әлі шешілген жоқ. Енді шешілдімен құжат қабылданды. Құжатының өзі шикілі-пісілі. Сондықтан тәп-тәуір жүріп, ізге түсіп қалған пойызды алдық та, тоқтата салдық. Жаңа ізге түсіп, жүріп кет дегенше тағы уақыт өтіп жатыр.

Шыны керек, мына министр тұсында білім саласынан үлкен жаңалық күтпеймін", - деді ол Barys Media-ға берген сұхбатында.

Ұлттық мектептер жобасының негізін қалаушы өзіне қандай қысымдар жасалғанын баяндады.

"Үйренгенмін, (жолын бөгеу - еск.), ондай менде көп болады. Сол үшін де мен мектеп директорлығынан кеттім. Сыпайы түрде "кет" деді, "жақсы" деп кеттім. Өйткені маған орын да, басқа да қызық емес. Маған бір ғана нәрсе қызық. Білім саласына, ұрпақтың болашағына қызмет ету дейтін мүмкіндік қана қызық. Ал ол мүмкіндікті маған министрлік бермесе мемлекеттің заңдары береді.

...Өткен жылы Астана қаласында "№90 гимназияның директорлығынан кетсін" деді. Оны Білім басқармасы "саған кет деп жатыр" деп жеткізді. "Құлағым тыныш болсыншы, кете салшы" деп. Өзіме қойған нақты принциптерім бар: атақ үшін жүгірмеймін, орын үшін күреспеймін деген. "Жақсы" дедім, кете салдым. Одан кейін QAZBILIM ұлттық лицейлерін ашқан кезде лицензия берілмесін деген тапсырмалар болды. Министр тарапынан, министрлік тарапынан.

Бәрі бір сөз ғой. Оны да заңмен дәлелдеп, өтінішімізді беріп жүріп, лицензиямызды алдық. Мектептерімізге тексерістер кіргізді. Айыппұлын төледік. Тексергеннен кейін айыппұл табады ғой.

Ал әлеуметтік желіде "Аятжанның артында кім тұр?" деген бір қитұрқы посттар жазғызды. Менің артымнан Қытай іздегісі келетіндер, менің артымнан саясат іздегісі келетіндер көп. Мен саясаткер де емеспін. Таза білім саласының менеджерімін. Әрине, адымдап, қарыштап басып жүгіргің келеді", - деді ол.

Айта кетейік, Бейсембаев тұсында мектептегі дін мәселесі де ушығып тұр. Жыл сайын министрлік оқушылардың хиджаб киюі, намаз оқуы секілді мәселелерде сынға қалады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x